Сыртқы істер министрлігі Панама Сити Бичте ұсталғандар Қазақстан азаматтары екендігін растады

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сыртқы істер министрлігі Панама Сити Бичте ұсталғандардың Қазақстан азаматтары екендігін растады.

Сыртқы істер министрлігі Панама Сити Бичте ұсталғандар Қазақстан азаматтары екендігін растады

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың айтуынша, биылғы жылдың 12 қаңтарында «Tengrinews» агенттігі Панама Сити БичтеҚазақстан азаматтары Камал Жетпісбаев пен Григорий Зосимнің несие карталары арқылы «алаяқтық жасады» деген күдікпен ұсталғандығын жазған.

«Аталмыш порталдың жазуынша, Панама Сити Бич қаласының полициясы 2011 жылдың 21 желтоқсанында әйел азаматтың арыздануы бойынша, оның банк картасының заңсыз пайдаланылу фактісіне байланысты тексеру жұмыстарын бастады. Тексеру барысында несиелік картаның көмегімен бірқатар тауарлардың сатып алынғаны мәлім болды. Ал бұл тауарлар ұсталған азаматтар тұрып жатқан пәтерге әкелінген.  Тергеушілердің мәліметтерінше, алаяқтар ұрланған несиелік карталардың көмегімен сатып алған тауарлардың бір бөлігін өздеріне қалдырып, қалғанын сатып отырған. К.Жетпісбаев пен Г.Зосим тергеуге алынған соң тұтқындалып, оларға алаяқтық жасады деген айып тағылған»,-деді ресми өкіл.

Қазақстан Республикасының Консулдық бөлімінің деректері бойынша, К.Жетпісбаев пен Г.Зосимді Панама Сити Бич қаласының полициясы 2012 жылдың 9 қаңтарында тұтқындады. Тұтқындалған азаматтардың Қазақстан Республикасының азаматтары екендігі расталған. Қазіргі таңда Панама Сити Бич қаласының тергеу органдары тексеру шараларын жүзеге асыруда.