Сыртқы істер министрлігі С. Батырхановадан қалған сәбидің мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыруда
АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат. Сыртқы істер министрлігі және Австралияда қосымша өкілеттік жасайтын Қазақстанның Сингапурдағы Елшілігі Сағынай Батырханованың туыстарының қолдауымен азаматшымыздың артында қалған сәбидің заңды мүддесін қорғау үшін бар күш-жүгерді жұмсауда,
деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Дипломатиялық арналар арқылы Австралия үкіметінен тиісті қолғабыс көрсету туралы 3 қазанда жіберілген ресми өтінішке қоса мемлекетіміздің аталмыш елдегі Құрметті консулының мүмкіндіктерін жұмылдыру көзделуде.
Брисбен қаласында осы мәселеге қатысты арнайы іс-сапарда жүрген Қазақстан консулы жергілікті полицияның және сәбиге қамқоршылық көрсетіп жатқан әлеуметтік қызмет өкілдерімен кездесіп, азаматтарымыздың заңды мүдделерін қорғау амалдары талқыланды.
Квинсленд штатындағы Балаларды қорғау департаментінің қызметкері баланы әкесі немесе анасының туыстарының біріне беру мәселесі тәуелсіз федералдық сот деңгейінде шешілуі тиіс екендігін хабарлап, қазіргі таңда сәбиге қажетті жағдайдың жасалғанын жеткізді.
6 қазанда консулымыз сәбидің жағдайы мен көңіл-күйін көріп, баланың тоқтығы мен амандығына көз жеткізді. Аталмыш сауал қазақстандық тараптың қатал бақылауында.
Сондай-ақ, С. Батырханованың денесін елге жеткізу мәселесін талқылау үшін қазақстандық консул австралиялық полиция қызметкерлерімен кездесті. Әңгіме барысында полиция офицерінен қылмыстық тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы және қылмыскер ісі бойынша екінші сот отырысының 5 желтоқсанға жоспарланғаны анықталды. Офицердің мәлімдеуінше, тергеу амалдары шамамен 12 айға созылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Брисбеннің мәйіттерді жерлеу бюросы марқұмды заңға сәйкес атқарылуы тиіс шараларды жасағаннан кейін келесі аптаның екінші жартысында Қазақстанға тасымалдануы ықтимал.