Сыртқы істер министрлігінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің мемлекеттік органдарының арасында «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі алғашқы болып Сыртқы істер министрлігінде жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жобалық кеңсе жұмысының бастауына ұйытқы болатын құжатты бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов пен Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Нұрлан Сейтімов рәсімдеді.
«Бүгін біз Сыртқы істер министрлігі басшылығының бастамасымен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін ашып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, былтыр 5 қазанда Елбасы өзінің халыққа Жолдауында еліміздің барлық өңірінде «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалық кеңселерді ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Сондықтан биылдан бастап әр облыста, республикалық маңызы бар қалаларда осындай өңірінде «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалық кеңселері жұмыс істей бастады. Бұл жоба жұмысының ең басты мақсаты - тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою», - деді агенттік төрағасының орынбасары құжатқа қол қою барысында.
Сонымен қатар Олжас Бектенов мұндай жобалық кеңселер еліміздің барлық мемлекеттік органдарында ашылатындығын айтты.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі жемқорлыққа қарсы бағытталған мемлекеттік жобаға қосылады. Бұл ретте жобалық кеңсе министрліктің құзыретіне кіретін консулдық қызмет, мемлекеттік сатып алулар және инвестицияны қорғау сынды үш бағытта жүргізіледі», - деді өз кезегінде Нұрлан Сейтімов.