Сыртқы істер министрлігінде АҚИҰ-мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) бас директоры Ерлан Байдаулетпен кездесті, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Сыртқы істер министрлігінде АҚИҰ-мен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Кездесу барысында АҚИҰ басшысы 28 қазанда Ұйымның Атқарушы кеңесінің өткен отырысының қорытындылары туралы хабардар етті, сондай-ақ 2-3 желтоқсанда Анкарада өтетін АҚИҰ Бас ассамблеясының жыл сайынғы 3-сессиясының күн тәртібімен таныстырды.

Тараптар АҚИҰ-ның бірқатар флагмандық бағдарламалары мен жобаларының мазмұнына назар аударып, 27-28 қарашада Ниамей қаласында (Нигер Республикасы) өткізілуі жоспарланған Ислам ынтымақтастық ұйымға қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-ші сессиясы күн тәртібі туралы пікір алмасты.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.