Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты xатшысына қатысты үкім шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы №2 Байқоңыр ауданының сотында Анарбек Қарашев және өзге де күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарашев (бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған) елшілік ғимаратының құрылысы үшін және қосылған құн салығына бөлінген ақшалай қаражатты жымқырғаны үшін айыпталды. Сондай-ақ, ол кәсіпкерлерден пара алғандығы, ақшалай қаражатты заңдастырғаны үшін айыпталды. Прокурор сот талқылауы барысында Қарашевтің пара алу мен қаражатты заңдастырудағы айыптан бас тартып, айыптың жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Прокурордың мұндай шешімі сот үшін міндетті болып табылады. Сот Қарашевтің іс-әрекетін лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдалану деп саралады», - делінген таратылған хабарламада.

Сонымен қатар, Утембаев (Өзбекстандағы бұрынғы елші) Қарашевқа қылмыстық құқық бұзушылыққа көмектескені үшін айыпталды. Сакенова (СІМ Басқармасы шаруашылығының бұрынғы директоры) кәсіпкерлерден пара алғандығы үшін айыпталды. Нұрекенов,Жумасановаға (Басқарманың бұрынғы қызметкерлері) келесідей айып тағылды: біріншісі - өкілеттілікті теріс пайдалануға және пара алуға көмектескен, екіншісі – пара алуға көмектескен. ЖШС-нің басшысы Кутдусов пара бергендігі үшін айыпталды.

«Барлық сотталушыларға айыптау үкімі жарияланды. Сот Қарашев, Утембаев және Нұрекеновтің алғашқы рет жауаптылыққа тартылып отырғандығын, кәмелетке толмаған балаларының бар болуын есепке алды. Сакенова, Жумасанова және Кутдусов жасаған іс-әрекеттеріне өкінді, айыбын мойындап келген, жан-жақты мойындау түсініктерін берген, Сакенованың баласы бар. Қарашев – 55 жаста, Утембаев – 54 жаста. Қарашев және Утембаевқа 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы (бап санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруды қарастырады) тағайындалды. Нурекеновке - 5 жыл, Сакенова, Жумасановаға 2 жыл бостандығынан айыру жазасы, ал Кутдусовқа айыппұл түріндегі жаза тағайындалды», - деп аталып өткен сот мәліметінде.

Барлық сотталушылар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік , 2018 жылы маусымда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бұрынғы шенеунікті ірі парамен ұстады.



Соңғы жаңалықтар
telegram