Сыртқы қаптамасы опырылған: Өскемен тұрғындары жаңа үйдің сапасыздығына шағымданды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғындары ШҚО әкімі Даниал Ахметовке жаңа салынған көпқабатты үйдің сапасыздығына шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 14-ші үйді «Бәйтерек Development» ипотекалық компаниясының тапсырысымен «Гарант ҚҰРЫЛЫС» ұйымы салған. Ал қазіргі уақытта бұл компания банкрот болды.

«Құрылыс жұмыстарының сапасыздығы салдарынан тұрғындар зардап шегуде. Арнайы комиссия қазірдің өзінде сметаны қайта есептеп, шешім шығарды. Барлық кемшіліктерді жою үшін 280 млн теңге қажет. Егер жыл соңына дейін компания өкілдері мәселені шешпесе, онда мен компанияны сотқа беруді тапсырдым. Өйткені мәселе заң аясында шешілуі керек. Өз тарапымыздан көпқабатты үй тұрғындарына кемшіліктерді жоюға бюджеттен қажетті соманы бөліп, қолдау көрсетеміз», - деді ол.

Тұрғындардың басым бөлігі пәтерді несиеге алған. ШҚО әкімі екі-үш күн ішінде ипотекалық компанияның шешімін күтетіндігін жеткізді.

«Содан соң ары қарай қай бағытта жұмыс істеу керектігін шешеміз. Олар шартқа қол қойып, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына кепілдік беруі тиіс», - деді Даниал Ахметов.



Соңғы жаңалықтар