Сыртқы нарықта астықтың бағасы жоғарылағанымен, Қазақстандағы нанның бағасы өзгермеуі тиіс - Үкімет басшысы
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Сыртқы нарықта астықтың бағасы жоғарылағанымен, Қазақстандағы нанның бағасы өзгермеуі тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Азық-түлік бойынша, әсіресе, нан мәселесін әрдайым бақылауда ұстау керек. Естеріңізге салыңыздар, 2007 жылдың күзінде күтпеген жерден осы мәселе бойынша проблема туындаған болатын. Бұндай жағдайлар енді қайталанбауы тиіс», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Премьер-Министр алдағы уақытта астық бағасы жоғарылайтынын айта келе, астықтың сыртқы нарықтағы бағасы қалай өзгерсе де, Қазақстанда астық бағасы бөлшек түрінде өзгермеуі тиіс екенін қадап айтты.
«Міне, осындай мақсат қойылады», - деді К.Мәсімов.
«Осы тұрғыда бізде тәжірибе бар, бұл мәселелер 2007-2008 жылдары жақсы атқарылған болатын. Осыны қарастыру керек», - деп тапсырды Премьер-Министр орынбасары Өмірзақ Шөкеевке.