Сыртқы жарнама саласындағы қолданыстағы заңда қарама-қайшылық көп - Б.Қожақов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы жарнама саласындағы қолданыстағы заңда қарама-қайшылық көп. Бұл туралы бүгін «Қазақстандық жарнама компаниялары альянсы» қауымдастығының директоры Болат Қожақов мәлім етті.
«Бұған Ұлтық кәсіпкерлер палатасы сайтында орналастырылған кәсіпкерлердің өтініштері нақты дәлел болады. Заңда кереғарлық көп. Жарнамамен жұмыс істейтіндердің барлығы да ең алдымен жұмыстарының қолданыстағы заңнамаға тәуелді екендігін жақсы біледі. Алайда, заң түсініктемесінде қосарлы түсінік өте көп», - деді ол сыртқы жарнама саласындағы құқықтық реттеудің проблемаларына арналған дөңгелек үстел отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, бұл салада шенеуніктердің шамадан тыс қорқақтауынан әкімшілік кедергілер қалыптастып отыр. Олар заңнамадағы кейбір нормаларды бұзудан қорқады.
«Мәселен, сыртқы жарнамадағы проблемалы мәселелердің бірі - бұл қазақ мәтіндерін келісу. Қолданыстағы заңнамада аймақтық тілдерді дамыту басқармалары бұл мәтінді бекітумен айналысатындығы жазылмаған. Мәселен, Алматыда жарнама берушілер ғылым кандидаттары мен докторы жұмыс істейтін Тіл білімі және әдебиет институтының білікті мамандарына қызметіне жүгінеді. Олар сапалы аударма жасайды. Бірақ, өңірлердегі Тілдерді дамыту басқармаларының мамандары аталған аударманы қабылдамайтын жайт та кездеседі», - деді Б.Қожақов.