Сырттағы қазақты ең алғаш іздестірген
АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Біз "Шалқарды" сағындық, деді бүгін Алматыда басылым қызметкерлерінің Иран, Ресей және Ұлыбританиядағы қазақ мәдени орталықтарының жетекшілерімен өткізген алқалы жиынына келгендер,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Шалқар" газетінің 1986-1996 жылдардағы бас редакторы Уақап Қыдырханұлының айтуынша, бүгінгі кездесуге ұйтқы болған Омбыдағы "Мөлдір" аймақтық Сібір мәдени қазақ орталығының төрайымы Алтынай Жүнісова. Мақсат - соңғы жылдары көз жазып қалған оқырманын басылыммен қайта қауыштыру. Өйткені газетті шекарадан алып өту мен тасымалдауға қатысты мәселелер әлі өз шешімін тапқан жоқ. Сондықтан өздерін ең алғашқы боп іздестіріп, тауып, жоғын түгендеуге өлшеусіз үлес қосқан басылымға алыстағы ағайынның айтар алғысы да, айтар назы да аз емес. Мәселен Иран радиосында қазақ хабарларының жүргізушісі және аудармашы болып жұмыс жасайтын Жапарбай Шаткам бұл елдегі ағайынның қазақ басылымдарына аса зәру екенін айтты. Оның бұл сөзін Ресейдің Омбы өңіріндегі қазақтардың жоқшысы болып жүрген Алтынай Жүнісова да қоштап отыр. Олардың пайымдауынша, басылымның өз оқырманына еркін қол жеткізуі үшін құзырлы органдардың көмегі қажет. Ал Лондондағы қазақ қоғамының басшысы Исмаил Кесежи болса еуропалықтар үшін газет арқалағанан гөрі оның интернеттегі нұсқасын оқыған тиімді.
"1976 жылы желтоқсанның 16-сынан бастап жарық көріп келе жатқан "Шалқар" газеті қазір "Шалқар-2" деген атпен шығады. Өйткені "Қазақ елі" газетінің қосымшасы болып шығып жүрген кезде жабылып қалған болатын. Оны өз күшімізбен қайта жаңғыртып тіркетер кезде, құзырлы министрлікте бұған дейін "Шалқар" деген тағы бір аудандық газет тіркеліп қойғандықтан, оның атауын "Шалқар-2" деуге мәжбүр болдық. Дегенмен бағытын жоғалтпай, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Интернетте веб-сайтымыз да бар. Егер сұраныс болса таратуды Қазақстанның өзге елдердегі Елшіліктері арқылы шешуге болады. Бұл бағытта бүгінгі таңда бірқатар жұмыстар жасалып жатыр", дейді "Шалқар-2" газетінің бас редакторы Жаңыл Әпетова.