«Сырттан әкелінетін өнімдер сапасы күмәнді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 15 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Сырттан әкелінетін өнімдер сапасы күмәнді» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ішкі нарықтағы тағам өнімдерінің қауіпсіздігі сөз болды. Спикердің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта тамақ өнімдерін тұтынушы ел азаматтары алар азық-түлік тауарларына өте мұқият болғаны жөн. Әйтпесе, аңғал адам кез келген уақытта алданып қалуы бек ықтимал. Баспасөз мәслихатында алынған ақпараттарға қарап осылай демеске лажымыз жоқ. «Iшкi нарықтағы тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың наурыз айының басынан бері комитеттiң аумақтық департаменттерi бөлшек саудадағы өнiмдердiң сынамаларын алды. Үлкен сауда орталықтары мен дүкендерден бiр мыңнан астам сынама алынып, мұқият зерттелді. Бұл жұмыстар бүгінгі күнде де жалғасын тауып жатыр. Нақты айтқанда, сау­да сөрелеріндегі өнiмдердiң бiрнеше тобына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Нә­тижесінде, Ресейден әкелiнген құс етiнiң 5 тоннадан астамы микро­био­логиялық көрсеткiштерге сай келме­гендiктен сауда сөрелерінен алып тасталынды. Сальмонелла табылған өнiмдердiң бiр тоннасы мүлде жойылды», - дедi Ә.Мәтiшев. Осы жайында «Сырттан әкелінетін өнімдер сапасы күмәнді» атты мақаладан толық оқи аласыздар

Бас басылымда «Аккредиттеу әлі жалғасады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылды. Сайлау барысын байқауға келген шетелдік байқаушыларды тіркеу әлі де жалғасуда. Осыған орай кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда «2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымның байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылданды. Жалпы айтқанда, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік БАҚ-тардың өкілдерін қосқанда барлығы 630 адам аккредиттеуден өткен.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда дәрі-дәрмектің қымбаттауына жол берілмейді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі осыған уәде етеді. Осы орайда аталған ве­домствоның Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің департаменттері, Қазақстанның барлық облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында әкімдіктермен, фармацевтикалық қауымдастықтармен бірлесіп, «Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын ұстап тұру» бойынша арнайы меморандумдарға қол қойды.

Осы құжаттарға сәйкес, Ден­саулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігі мен кәсіби фармацевтикалық қауымдас­тықтар 200 түрлі әлеуметтік аса маңызды әрі көбірек сұранысқа ие 200 атаулы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұ­йымдардың бағасын қымбат­татпай, ұстап тұрмақ. Осылайша, мемлекет халық­тың әлеуметтік осал, тиісінше, жиірек сырқаттанатын топтарын қолдауға ниетті. Бұл ретте дәрілік заттар мен медициналық мақ­сат­тағы бұйымдардың отандық және халықаралық өндірушілері, дистрибьюторлар және бөлшек сауда желілерінің өкілдері 2015 жылғы 1 наурыздағы баға дең­гейінде тұрақтайтын болады. Бұл материал «Дәрі-дәрмектің бағасы реттеледі» деген тақарыппен басылды.

Осы басылымда «Шегірткелер бас көтере бастады» деген мақала жарияланды. Егін егу жұмыстары ерте басталатын оңтүстік өңірде, дәлірек айтқанда Сарыағаш ауданында шегіртке «оянып» жатыр. Енді оларды бірер аптада улап үлгермесе, тез-ақ өсіп-жетіліп, күш алып кетуі мүмкін екен.

Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күресті ерте бастау ниетімен пестицидтерді ұсынушылар, оларды сақтау, тасымалдау жұмыстарын орындаушылар мен өңдеу жұмыстарын жүргізушілер арасында тендер өткізіп, шарт жасауда. Бір айта кетерлігі, пестицидтер меншік түріне қарамастан, барлық шаруашылықтарға тегін беріледі. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлініпті, соның ішінде пестицидтер сатып алуға - 721 млн. теңге және химиялық өңдеу жүргізуге 3 млрд. теңге қарастырылған. Бұл туралы АШМ-да өткен брифингте айтылды.

***

«Время» газетіндегі «Храбрецам - скидка!» атты материалда ақтөбелік жоғары оқу орындарының бірі әйел азаматшаны тонаушылардан құтқарған өздерінің екі студентіне білім ордасында оқуға 10 пайыздық жеңілдік ұсынғандығы жазылады

Қанат Шүренов пен Есет Кенжеғұлов Абай саябағында көмекке шақырған әйелдің дауысын естіп, жас жігіттің аталған азаматшаның қолынан сөмкесін жұлып алып, қаша жөнелгенін байқап қалады.

Студенттер қаскөйге жетіп алып, оны полицейлер келгенше ұстап тұрған көрінеді. Кейін белгілі болғандай, әйелдің сөмкесінде құжаттармен қатар, 1,6 млн. теңге көлемінде ақша болған екен.