Сырттан келетін тауарларға бақылау қалай жүреді

«Импорттаушы өнімді әкелген кезде біздің кеден органдарына сертификат, декларация немесе ақпараттық жүйе арқылы тиісті құжаттарды ұсынады. Алайда, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары арасында сертификатты уақытылы ұсына алмайтын жағдай кездеседі. Себебі бұл процесс уақытты талап етеді. Яғни алдымен сертификаттау органымен келісім жасасып, тауар үлгісін әкелу керек. Одан кейін тауарды сынап, сәйкес келген жағдайда оған сертификат беріледі. Содан соң ғана тауарды Қазақстан аумағына әкелуге рұқсат алады», - деді Қуаныш Елікбаев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған процедурадан өту үшін заң аясында 2 ай уақыт беріледі.
«Әрине, рәсімдеуді 2 айға дейін созуға болмайтын тауарлар тізімі бар. Мысалы, тамақ өнімдері, кейбір өнімдердің жарамды мерзімі 60 күнге жетпейді. Осы орайда тауар бұзылып, жарамсыз болмауы үшін бізде кеден және санэпидемиологиялық қызметпен бірлескен бұйрық бар. Аталған бұйрық тиісті құжаттарсыз елге қауіпсіз емес өнім әкелуде немесе заң бұзушылық фактілері бойынша жедел шара қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни кеден органдары бізге немесе денсаулық сақтау министрлігіне талапты бұзу туралы фактіні шұғыл жеткізіп отырады», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай өткен жылы елімізге 41,2 млрд АҚШ долларға тауар әкелінді.