Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді - Президент

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазіргідей күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдық танытуымыз керек. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан халқымен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді - Президент

«Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Ал олардың к өпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр.

«Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым», - деп атап өтті Президент.

Ол Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп, бұл түйткілдің ел мүддесіне сай шешілетініне сендірді.

«Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек. Мен қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде және осы жолы киелі Түркістанда ата-бабаларымызға құран бағыштап, хандарымыздың рухына тағзым етіп, Алладан бір-ақ тілек тіледім. Ол – еліміздің амандығы және халқымыздың бірлігі», - деді Президент.