Сыртында «Ресей Федерациясының аумағында сатылуға арналмаған» деген жазулары бар импортты тауарлар тексеріліп жатыр
АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Индустрия және сауда министрлігі қазақстандық дүкен сөрелерінде «Ресей Федерациясының аумағында сатылуға арналмаған» деген жазулары бар импортты тауарларды тексеріске алды.
Бұл туралы бүгін журналистерге арнап өткізілген баспасөз мәслихатында ведомство жанындағы Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет төрағасының айтуынша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің төрағалығымен жұмыс істейтін Бағаларды тұрақтандыру бойынша жұмыс тобы қазіргі уақытта еліміздің барлық сауда орындарында кездестіруге болатын, жапсырма қағаздарында «Ресей Федерациясының аумағында сатылуға арналмаған» деген жазулары бар импортты тауарларды тексеріп жатыр. Әзірше жұмыс тобының назарына осындай жазуы бар темір қалбырдағы «Щадринское» сүті ілікті.
«Ресейде өндірілген тауар неліктен өз аумағында сатылуға тыйым салынады және ол неліктен Қазақстанға импортталып отыр. Осыны анықтау үшін, қазір «Щадринское» сүтінің құрамына зертханалық талдаулар жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселе бойынша жағдайды бір айдың көлемінде анықтайтын боламыз», - деді ол.
А.Қазыбаевтың пікірінше, бұл жағдайға бірнеше болжам жасауға болады. Аталмыш өнімнің техникалық регламенті РФ-ның регламентімен сәйкес келмей, керісінше қазақстанның талаптарына сай болуы мүмкін. Ал екінші мәселе - оның құрамында.
Осы орайда, министрлік өкілі сауда саласында жұмыс істейтін барлық кәсіпкерлерден, жапсырма қағаздарында осыған ұқсас күмәнді жазулары бар тауарларды ел аумағына әкелмеуді және дүкен сөрелеріне шығармауды сұрады.