Т.Бекмамбетов: Ақша құйылар саласын өзі іздейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Bazelevs Production компаниясының иесі, Голливудтағы ең табысты ресейлік продюссер Тимур Бекмамбетов РБК-ға берген сұхбатында неліктен кинодан реалити-шоуға ауысқанын түсіндірумен қатар Ресейде толыққанды кино индустриясы қалыптасуы үшін не істеу керектігін айтып берді. ҚазАқпарат осы сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынады.
«Әлемдік нарыққа шығу үшін көп жұмыс істеу қажет»
- Сіз қыркүйек айында өзіңіздің «Хардкор» атты атыс-шабыс жанрындағы фильміңіздің әлемдік дистрибуциялау құқығын американдық STX Entertainment студиясына ресейлік кино үшін теңдессіз сомаға, 10 млн. долларға саттыңыз. Мұнан бөлек, олар фильмді ілгерілету үшін тағы 20 млн. доллар құяды. Мұндай нәтижеге қалай қол жеткізе алдыңыз?
- Иә, меніңше, мұндай келісім бұған дейін болған емес. STX біздің шығындарымызды жабуға жеткілікті соманы төледі. Фильммен әлі де жұмыстар жүргізіліп жатыр және ол әзірше прокатқа (АҚШ-тағы көрсетілімі 2016 жылдың 8 сәуіріне жоспарланған) шықпайды, шығыстар жалғасу үстінде. Олар сияқты біз де фильмнің әлемдік көрсетілімі барынша табысты болады деп үміттеніп отырмыз.
Мен үшін Торонтода өткен фильмнің премьерасы («Хардкордың» әлемдік тұсаукесері 2015 жылдың 12 қыркүйегінде өтті) барынша маңызды болды. Илья (фильмнің режиссері Найшуллер) екеуіміз таксимен кинотеатрге кетіп бара жатқанымызда кезекте тұрған халықтың қарақұрым екендігін көрдік. Кезек бүкіл бір қала орамын алып, кинотеатрдың алдына дейін жетіп жатты.
- Фильмнің бюджеті қанша?
- Жоғарыда атап өткенімдей STX-пен жасалған келісімшарт сомасы барлық міндеттемелер мен фильм бюджетінің бір бөлігін жабуға жеткілікті болды. Негізінен «Хардкорге» түскен адамдардың басым бөлігі ақша үшін жұмыс істеген жоқ. Өйткені, бұл Ильяның алғашқы фильмі және Bazelevs Production мен Ильяның командасы идея үшін жұмыс істеді.
- «Хардкор» сынды ресейлік кинолардың шетелде көрсетілуі және сатып алынуы үшін не істеу керек?
- Мен кез келген фильмнің ең алдымен өз елінде көрсетілгені дұрыс екендігіне сенімдімін. Дегенмен, Франциядағы, Қытайдағы, Америкадағы және Ресейдегі жастар бір-біріне қатты ұқсайды. Америкада өз көрерменін тапқан туынды Ресейде де өз көрерменін еркін таба алады. Ал әлемдік нарыққа шығу үшін көп жұмыс істеу қажет.
- Қиын саяси ахуал Батыста сіздің жұмыстарыңызға әсер етті ме?
- Жоқ, ешқандай әсері болған емес. Құдайға шүкір, Америкада адамдар сыртқы саясатқа қатты қызығушылық таныта бермейді.
«Ресей киносына мемлекеттік қолдау 2-3 футболшының құнына тең»
- Сіз бірде Ресейдің Америкадан айырмашылығы іс жүзінде кино индустриясының жоқтығында, деген едіңіз. Ал оның пайда болуы үшін не істеу қажет?
- Ең біріншіден, халықаралық санаттағы идеялар қажет. Екіншіден, ерік-жігер мен көп ақша, мол жүйелі түрде қаржы керек. Тәуекелге барып бір жақсы фильм түсіруге жұмсалған қаржы индустрия қалыптастыруға септігін тигізе алмайды. ұзақмерзімді инвестиция қажет.
Ресей киносының тағдырына, кинематографияны қолдау бюджетіне арналған кездесуде танымал саясаткерлердің бірі талқыланып жатқан мәселенің құны екі футболшының құнымен теңесетіндігін айтқан еді. Ресей киносымен барлық мемлекеттік қолдаудың көлемі ресейлік клубтар шақыратын 2-3 шетелдік футболшының құнымен ғана тең. Кинода мұнан біршама мол қаржы болуы тиіс. Ал ол толық орындалған кезде кино индустрияға айналып, тек өз нарығында ғана емес, сонымен бірге «өзгенің алаңында» да табысты ойын өрнегін жүргізе алар еді.
- Фильмдеріңізге ақшаны қайдан аласыз?
- Бастапқыда біздерге «Бірінші арнамен» ынтымақтастық зор демеу болды. «Шолғыншы» және «Тағдыр тәлкегі» фильмдеріне біздің негізгі инвестор әр серіктес болды. Сәл кейінірек Кино қоры зор көмек берді. Кино қоры бастапқыда «Елки» (2010-2014 жылдары «Елки», «Елки 2», «Елки 3» және «Елки 1914») фильмдерін, одан кейін «Горько!» (2013-2014 жылдары - «Горько!» және «Горько! 2») фильмдерін түсіруге жәрдем берді. біз бұл фильмдерді түсіруге емес, оларды ілгерілету үшін мол қаржы жұмсадық. Егерде Кино қоры болмаған жағдайда біз мұны жасай алмайтын едік: фильмді ілгерілету үшін қажетті инвестиция біздің мүмкіншігімізбен мүлдем қиыспайтын. «Елки» халықтың сүйікті туындыларына айналып, біздің кәсіпорнымыздың тірегі болды. Түскен кірісті келесі фильмді қаржыландыруға салдық. Осылайша өстік.
- Бір фильмнен түскен табыс келсі туындының бүкіл бюджетіне жеткілікті бола ма?
- Әр уақытта да әрқилы болып келеді. Жалпы, барлық мәселе ақшада емес. Біз жобаны қолға алған кезімізде тек ақша ғана емес, ең алдымен серіктес іздейміз. Ақша - бұл инвестиция элементтерінің бірі ғана. Телеарналармен жұмыс барысында біздер үшн инвестиция емес, серіктестік барынша маңызды.
«Елкидің» үшінші фильмімен жұмыс істеу барысында Антон Златопольский (ВГТРК бас директорының бірінші орынбасары) ВГТРК-нің тілшілер желісі арқылы біздерге фильмнің ауқымды акциясын - Жаңа жылды жаз айында Уфада, Пермьде, Алматыда, Калининградта, Магнитогорскіде, Иркутскіде, Санкт-Петерборда, Владикавказ бен Екатерибургте қарсы алуды ұйымдастырды. Бұл фильмді ілгерілетудің бірегей тетігіне айналды. Ақшаны банктен де табуға болады. Ал серіктестік қарым-қатынас пен кино болашағына деген сенімді сатып ала алмайсың.
Бүгінде біз ғаламтордың қарқынды дамуына куәміз. Әлеуметтік желілермен, ғаламтор ресурстармен серіктестіктің маңызы артып келеді. Бүгінде біз RuTube және «ВКонтакте»-мен жұмыс істеудеміз. Олар біздің «На экране» реалити-шоуындағы серіктестеріміз.
- Дағдарыс жұмыстарыңызға қалай әсер етуде? Өйткені, телеарналардың табыстары төмендеді. Ендігі уақытта олар фильмге бұрынғыдай қаржы сала алмайды ғой.
- Ресейдегі табысымыз айтарлықтай төмендеді. Кемінде 2 есе, тіпті одан да көп қысқаруы мүмкін. Дегенмен біз «Хардкор» мен «Он - Дракон» фильмдерінің халықаралық көрсетілімі табысты болады деп үміт артамыз. Ал бұл біздерге жағдайды теңестіруге септігін тигізеді.
- Жобаның өз шығынын өтеу тұрғысынан алып қарағанда, сіз ең табысты продюсер әрі режиссерсіз. шығармашылық пен коммерциялық тарихты қалай ұштастыра аласыз?
- Мен бизнесмен емеспін. Біздің компаниямыз да бизнес кәсіпорыны емес. 20 жылдан бері жұмыс істеп тұрған Bazelevs Production компаниясында бизнесмендер емес шығармашылық адамдары қызмет етеді. Олар ынталандыратын ең басты күш - бұл шығармашылық. Әдетте бизнесмендер бұл процеске тек қызмет қана көрсетеді. Егер талантты адамдар болса, олардың ымырасыз бастамалары болса онда ақшаның өздігінен табылатындығына сенімім мол. Ақша құйылар саласын өзі іздейді.