Т. Донақов: Мемлекеттік қызметке келетін шетелдік мамандар жалақыны арнайы қордан алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметтегі шетелдік мамандар жалақыны Үкімет тағайындаған арнайы қордан алатын болады. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет министрі Талғат Донақов мәлім етті.
«Бұл жерде сөз мемлекеттік аппарат жұмысына алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені алып келе алатын білікті мамандар туралы. Олар шет мемлекеттің азаматтары болғандықтан, оларды Қазақстанның мемлекеттік аппаратына қабылдау процедуралары да өзгеше. Олармен арнайы шарт жасалады. Оның үстіне тиісті органдардан тексерістен өтеді», - деп атап өтті Т.Донақов.
Оның сөзіне қарағанда, осылайша мемлекеттік қызметке Қазақстанда мүлдем жоқ өте жоғары білікті мамандар тартылатын болады.
«Олар тек шет мемлекеттерде бар технологияларға және үлкен тәжірибелерге ие», - деді министр.
Т.Донақовтың мәлім еткеніндей, мемлекеттік қызметке келген шетелдік мамандар жалақыны Үкімет тағайындайтын арнайы қордан алатын болады.