Т. Дүйсенова: Мемлекет мүгедектер үшін жұмыс орындарын субсидиялайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы құрылған жеке сектордағы жұмыс орындарын субсидиялайды.

Т. Дүйсенова: Мемлекет мүгедектер үшін жұмыс орындарын субсидиялайды

Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасының Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясын ратификациялауы: оң өзгерістерге ұмтылыс» халықаралық конференциясы алдында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Бүгінде Парламенттің қарауына заң жобасы енгізілген. Біз 24 заң мен кодекске өзгерістер енгізудеміз. Бұл мемлекеттік емес секторға байланысты болып отыр. Егер жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жұмыс орындарын құрса, онда біз осы жұмыс орындарын субсидиялауға дайынбыз»,-деді министр.

Т. Дүйсенованың сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті 289 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар, оның 100 мыңы қазіргі кезде жұмысқа орналасқан. Олардың көпшілігі жеке секторда қызметке тұрған көрінеді.

«Қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтуда жақсы үдеріс байқалуда. Алайда, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі жұмыс берушіге қажетті білім мен біліктілікті игермегенін түсінуіміз керек. Бұл тұрғыда мемлекеттік мекемелерге де және жеке секторға да қатысты»,-деді ведомство басшысы.