Т. Ермегияев олимпиадалық чемпиондар мен жүлдегерлерді баспанамен қамтамасыз етуді заңнамалық түрде бекітуді сұрады
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев материалдық тұрғыда ынталандыруға байланысты олимпиадалық чемпиондар мен жүлдегерлерін баспанамен қамтамасыз етуді заңнамалық
түрде бекітуді сұрап отыр. Бұл туралы ол бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өткен спорттық жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес барысында айтты.
Агенттік басшысының сөзінше, «Жоғары спорттық нәтижелер үшін спортшыларды баспанамен ынталандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұрғысындағы мәселе аясында Қаржы министрлігі мен Әділет министрлігі арасында келісілген бірыңғай ұстаным жоқ.
«Осы мәселені шешу үшін саяси шешім керек. Осыған байланысты Сізден, Мұхтар Абрарұлы қолғабыс жасап, Қаржы және Әділет министрліктеріне бұл мәселе бойынша биылғы шілдеге дейін бір ұйғарымға келуін тапсыруды сұраймын», - деді Т. Ермегияев.