Т.Құлыбаевқа қатысты бұрын шығарылған шешімді бұзып, қосымша тергеу амалдарын жүргізуге ешқандай негіз жоқ - Бас прокуратура

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бас прокуратура бір топ азаматтардың Тимур Құлыбаевқа қатысты Швейцария Конфедерациясының Бас прокуратурасы бастаған қылмыстық істі тергеу жұмыстарына атсалысу жөніндегі өтініштерін қарады.

 Т.Құлыбаевқа қатысты бұрын шығарылған шешімді бұзып, қосымша тергеу амалдарын жүргізуге ешқандай негіз жоқ - Бас прокуратура

Бүгін журналистермен кездескен Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиевтің сөзіне қарағанда, бұл мәселе бойынша еліміздің қаржы полициясы органдары осыған дейін де тергеу жұмыстарын жүргізген. Алайда Тимур Құлыбаевтың да және одан өзге азаматтардың да әрекеттерінде қылмыстың белгілері болмауына байланысты қылмыстық іс қозғауға тыйым салынған.

«Ал өтініште алдында тексерілгеннен өзге қосымша дәлелдер мен дәйектер келтірілмеген. Сондықтан бұрын шығарылған шешімді бұзып, қосымша тергеу амалдарын жүргізуге ешқандай негіз жоқ. Ал Т.Құлыбаевқа қатысты Швейцарияның құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық істі іздестіру жұмыстары басталды деген мәселеге келетін болсақ, бүгінгі күнге дейін Швейцарияны қоса алғанда ешқандай да шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарынан қандай да бір қылмыстық іс бойынша сұрау салынған жоқ. Яғни Т.Құлыбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі ресми расталған жоқ», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, Еуропа елдеріндегі қылмыстық іздестіру тәжірибелері біздікімен салыстырғанда әлдеқайда бөлек. «Мысалы, бізде құқық қорғау органдарына келіп түскен арыз бойынша алдымен тексеру жүргізіледі. Осы тексерулер барысында қандай да бір негіз болса ғана қылмыстық іс қозғалады. Ал Швейцария заңдары бойынша құзырлы органға арыз түскен уақыттан бастап, қылмыстық іс қозғала береді. Сондықтан да оларда қозғалған істердің 80 пайызы тоқтатылып жатады. Осы себепті Т.Құлыбаевқа қатысты шетелдіктер қылмыстық істі қозғады екен деп қандай да бір байлам жасауға болмайды. Бұны өтініш білдірген азаматтарға берілген ресми түрдегі жауап деп түсінген жөн», - деді Жандос Өмірәлиев.