Т.Күзембаев шахтасында жұмыстар қайта жалғасты, мерт болған кеншілердің денелері табылды
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Саран қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Т.Күзембаев шахтасында 21 тамыз күні таңертеңгі сағат 8-де жұмыстар қайта жалғасты.
Апат салдарынан мерт болған кеншілердің денелері табылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ-нан мәлім етті.
Бұған дейін хабарланғандай, сенбі, 20 тамыз күні Т.Күзембаев шахтасында 37 К10-В желдеткіш штрекінде қазба жұмыстарын жүргізу кезінде көмір мен газдың кенеттен атылуы болды.
Апатты забойда 5 адам болды, оның 3-еуі өз күштерімен шыға алды. Үйінділер астында 1965 жылы туған А.Ерохин мен 1957 жылы туған А.Корнилов қалып қойды. Сол уақытта шахтада болған 107 адам дереу қауіпсіз аумаққа шығарылды.
20 тамыз 11 сағат 55 минутта А.Ерохиннің, жексенбі күні сағат 03.35-те А.Корниловтың денелері табылды.
Апаттың себептері мен оның мән-жайының анықтау үшін облыс бойынша ТЖД-ның Көмір өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау басқармасының бастығы Станислав Сытник төрағалық еткен арнайы комиссия құрылды.