ІТ маманы болуды армандаймын – 140 балл алған Жәнібек Әбілхан
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Жәнібек Әбілхан Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары балл – 140 ұпай жинап, алғашқы үздіктер қатарынан көрінді. KAZINFORM тілшісі білім бәйгесінде топ жарған талапкермен сұхбаттасып келді.

– Жәнібек, ҰБТ-ға кірер алдында қандай күйде болдың? Жоғары балл жинайтыныңа сенімді болдың ба?
– Иә, аздап қобалжу болды. Дегенмен өз біліміме сендім. Тест сұрақтары негізінен таныс, бұрыннан дайындалған тақырыптардан келді. Сол себепті аса қиындық туындаған жоқ. Нәтижесінде 140 балл жинадым.
– Болашақ мамандығың ретінде қандай саланы таңдамақсың?
– Арманым – ІТ саласының маманы болу. Бағдарламалар құрастыру, жаңа жүйелерді меңгеру маған қызық. Осы бағытты тереңдетіп оқығым келеді. Сол себепті ҰБТ-да бейіндік пән ретінде информатиканы таңдадым. Қай университетке түсетінімді нақты шешкен жоқпын, бірақ Алматы қаласында білім алсам деген ойым бар.
– ҰБТ-ға дайындық қалай өтті?
– 10-сыныптан бастап бейіндік пәндерге ден қойып, жоспарлы түрде дайындықты бастадым. Информатикаға деген қызығушылығым бұрыннан бар. Сабақта белсенді болдым, қосымша курстарға қатыстым. Бар күшімді салдым. Осы тұста маған білім мен тәрбие, бағыт-бағдар берген ұстаздарыма алғысым шексіз.
– Көпбалалы отбасынан екенің белгілі. Інілерің де оқуда үздік пе?
– Иә, отбасымызда бес баламыз. Үлкен ағам қызметте. Мен – екінші баламын. Өзімнен кейінгі үш інімнің де сабақ үлгерімі жақсы. Күнделіктері 4 пен 5-ке толы.
Айта кетейік, Жәнібектің сынып жетекшісі Гүлзира Бортай шәкіртінің жоғары нәтиже көрсететініне сенімді болғанын жеткізді. Оның айтуынша, Жәнібек сабырлы, білімге құштар әрі жауапкершілігі жоғары оқушы болған.
Ал анасы Гуля Боранбаева әлеуметтік желіде тарап жатқан «пәтер беру» жайлы ақпаратқа қатысты пікір білдірді:
– Балам оқыған қосымша білім беру курсы «140 балл алған оқушыға пәтер сыйлаймыз» деп жариялаған екен. Бірақ оның рас-өтірігін нақты білмейміз. Біз де тек әлеуметтік желідегі ақпараттан ғана хабардармыз, – деді ол.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысының оқушысы ҰБТ-дан ең жоғары 140 ұпай жинағанын жазған болатынбыз.