Т.Мұсабаев «Қазғарыш» ұжымын төл мерекелерімен құттықтады
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің құрылғанына 5 жыл толуына және Адамзаттың ғарышқа ұшуының халықаралық күніне орай салтанатты жиын өтті.
Жиында Қазғарыш төрағасы Талғат Мұсабаев Агенттік пен оның қарамағындағы ұйымдардың 5 жылда атқарған қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндама жасап, агенттік ұжымын аталмыш атаулы мерекелерімен құттықтады.
Ведомство басшысы Астанада ғарыш спутнигін құрастыратын және сынайтын кешен салынып жатқандығын мәлім етті. «5-6 жылдан кейін ол кешенде қазақстандық спутниктердің жаңа легі шығарыла бастайды», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Т.Мұсабаев бүгінгі таңда «ҚазСат-3» жерсерігін құрастыру жұмыстары жүргізіліліп жатқандығын және спутниктерді жерден басқару кешенінің құрылысы аяқталуға жақын екендігін мәлім етті. Және бұл агенттіктің жеткен толағай табысының бір бөлігі ғана.
«Қазғарыш» - мемлекеттік басқару органдарының тобына сәтті кірігіп, еліміздің ғарыштық қызметі саласында тиімді саясат жүргізуде. Әлемнің ғарыш державалары біздің бұл жетістіктерімізді жоғары бағалауда және Қазақстанмен бейбіт мақсатта ғарыш кеңістігін игеру саласында тығыз қарым-қатынас жасауға ниет танытып отыр. Біздің мақсатымыз - аталмыш жемісті ісімізді одан әрі белсенді жүргізу және Елбасының алдымызға қойған міндеттерін ақтау. Сіздерді шын жүректен Адамзаттың ғарышқа ұшуының халықаралық күнімен және Ұлттық ғарыш агенттігінің құрылғанына 5 жыл толуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласын қалыптастыруда шығармашылық табыстар тілеймін!», - деп түйіндеді сөзін агенттік төрағасы.