Т.Мұсабаевтың «Болашақ» бағдарламасына көңілі толмайды

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - «Болашақ» түлектерінің бәрі бірдей білімді деп айта алмаймын. Бүгін Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай айтты.

Т.Мұсабаевтың «Болашақ» бағдарламасына көңілі толмайды
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде отандық ғарыш саласында еңбек етіп жатқан мамандардың басым бөлігі - кеңестік жүйенің түлектері. Олардың ішінде Мәскеу авиациялық институты сияқты ресейлік жоғары оқу орындарында білім алған мамандар да бар. «Соңғы кезде бізге «Болашақ» түлектері келе бастады. Біз оларды жұмысқа алып жатырмыз. Бірақ бәрін емес. Себебі бізге, ашық айтсақ, бакалавр мамандарын тықпалайды. Олардың білім деңгейі төмен. Біздің саламызға, кем дегенде, магистрлер керек. Ал сыраханада отырып, ағылшын тілін үйренген адамнан кәсіби маман шығады деп айта алмаймын. «Болашақтың» да түр-түрі бар. Сондықтан біз білімі бар түлектерді аламыз. Олардың өзі көп емес», - дейді Т.Мұсабаев.