Т.Нәрікбаев заңгерлер қауымын Қазақстандағы реформаларға белсенді араласуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық экономикадағы ахуал бізді қол қусырып отырмауға, нақты істерге көшуге итермелейді. Бұл туралы бүгін Астанада «Жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайындағы мықты және табысты мемлекетті қалыптастыру мәселелері» атты ғылыми конференцияда «Қазақ гуманитарлық-заң университеті» АҚ ректоры Талғат Нәрікбаев мәлім етті.
Оның пікірінше, әлемдік экономикалардың жаһандануы кезеңінде, тиімді, қисынды ұсыныстарды жасақтау өте үлкен маңызға ие болып отыр.
«Жаһандық экономикадағы, әлемдегі ахуал бізді қол қусырып отырмауға, нақты істерге көшуге итермелейді. Бірінші кезекте бұл біздің мемлекетке қатысты. Мемлекет қазір қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Мемлекет Басшысы «Қазақстан-2050» бағдарламасын, сонымен қатар 5 институционалды реформаны қабылдады. Бірақ заңгер қауымның қатысуынсыз бұл жоспарларды, бағдарламаларды жүзеге асыру қиын. Сондықтан біз өз тарапымыздан мемлекеттің шақыруын күтпей, зерттеулер жүргізіп, мемлекетке алдымызда тұрған мәселелер бойынша тұшымды ұсыныстар енгізуіміз керек. Себебі қазір уақыт сондай, барлығымыз бірлесіп, мемлекетке, Елбасына, Үкіметке, біздің елдің экономикасымен айналысып жатқан барлық адамдарға өз көмектерімізді беруіміз керек», - деп атап өтті Т. Нәрікбаев.
Конференцияның басты мақсаты - мемлекетті нығайтудың практикалық және теориялық мәселелерін талқылау.
Конференция барысында мемлекеттік органдардың, Астана қаласының ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамы өкілдерінің, сонымен қатар шетел және Қазақстан професссорлары баяндама жасайды деп күтілуде. Баяндамалар қорытындысы бойынша материалдардың жинағын басып шығару көзделген.