Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-де қайырымдылық концерті өтті
АЛМАТЫ. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін екі айлық сәби Шәкен Әділғазының еміне байланысты арнайы қайырымдылық шарасы аясында Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-де қайырымдылық концерті өтті.
Оны аталмыш оқу орнының Жастар ісі жөніндегі комитеті ұйымдастырды.
Шәкенге туа біткен жүрек ақауы деген дигноз қойылған. Оған екі айдың ішінде қажет хирургиялық көмек көрсету керек. Ал, емге керекті қаражат 7 мың АҚШ доллары. Мұндай операция Қазақстанда жасалмайды. Жалғыз мүмкіндік Томск қаласында.
Осы жағдайға байланысты Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің Жастар ісі жөніндегі комитеті Қазақстан эстрадасы әртістерінің қатысуымен қайырымдылық концертін өткізді.
Концерттен түскен барлық қаржы Шәкен Әділғазының есеп шотына аударылады.
«Бүгінгі қайырымдылық шарасына келіп отырған жастарды көріп риза болып тұрмын. Бұл - сіздердің мұндай ауыр жағдайға бей-жай қарамағандықтарыңызды білдіреді. Әр адам өмір сүруге құқылы. Әрине, бүгінгі жиналған қаржы қажетті сомаға жетпеуі мүмкін. Бірақ, сіздер аз да болса өздеріңіздің азаматтық, адами борышымызды орындадық деп сеніңіздер»,-деді Университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Әділ Жүнісов.