Т.Сүлейменов мемлекеттік меншік нысандарын жекешелендіруден түсетін табыс көлемін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен активтерді сатудан түсетін болжамды табыс 4-7 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік нысандарды жекешелендіру мәселесіне қатысты баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 10 ақпанда өткен кеңейтілген отырысында жекешелендіруден түскен қаражатты Ұлттық қорға жіберу шараларын қабылдауды тапсырған еді. Аталған тапсырманы орындау үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы аясында Бюджеттік кодекспен «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңына сәйкесінше түзетулер енгізілді. Ол ҚР Парламент Сенаты тарапынан қолдауға ие болды. Қазір құжат қол қою процесінде», - деді министр.
Оның айтуынша, ұлттық басқарушы холдингтер құрамына кіретін мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен активтерді сатудан түсетін болжамды табыс 4-7 млрд. АҚШ долларын құрайды. Түсім мөлшері сауда нәтижесіне байланысты болмақ.
«Инвесторлар негізінен «Самрұқ-Қазына» қорының ірі 47 активіне қызығушылық танытуда. Оның 7-еуі IPO/SPO арқылы сатылады. Қордың ірі компанияларының IPO стратегиясы бойынша қабылдаған шешіміне сәйкес, IPO-дан түсетін түсім мөлшерінің болжамы 3,5 млрд. АҚШ долларынан 5,5 млрд. АҚШ долларына дейін құрауы мүмкін»,- деді Сүлейменов.