Т.Сыздықов ҚР президенттігіне үміткер ретінде тіркелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Қазақстанның коммунистік халық партиясы атынан Тұрғын Сыздықовты ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды.
«Қаулы бойынша ҚР Президенттігіне үміткер Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов ҚР Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңның талаптарына сәйкес деп анықталсын. Т.Сыздықовқа ҚР Президенттігіне кандидаттығын қолдап, қол жинау үшін қол қою парақтары берілсін», - деді қаулы жобасын таныстырған ОСК мүшесі Бақыт Мелдешев.
Оның атап өтуінше, ҚР ОСК еліміздің Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне аталған үміткердің құжаттарын жіберген.
«Олардан келіп түскен анықтамаларға сәйкес бұл азамат 1947 жылы 2 тамызда СҚО-да дүниеге келген. ҚР президенттігіне үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның қорытындысы бойынша Сыздықов мемлекеттік тілді еркін меңгерген. ҚР ІІМ ұсынған анықтамаға сай бұл азамат елімізде 67 жыл тұрады. Белсенді сайлау құқығына ие. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен келіп түскен құжатқа сай Т.Сыздықов заңмен белгіленген тәртіппен өтелмеген және алынып тасталған соттылығы жоқ», - деді ол.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына бірауыздан қолдап дауыс берді.