Т. Теменов жас драматургтер неліктен аз екенін түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жас драматургтер пьеса емес, клиптерге сценарий жазғанды жөн көреді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов осылай мәлім етті.
«Өкініштісі, бүгінде 30 жасқа дейін дүрілдеп шыққан жас драматургтер жоқтың қасы. Себебі, пьесаға төленетін қаламақы басқа салалардан әлдеқайда аз. Мысалы, кеңестік кезеңде әрбір пьесаға берілетін қаламақы бір машинаның құны болатын. Бүгінде аз төленеді», - деп тоқталды Талғат Теменов.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жас дарындар айлап отырып пьеса жазып, тиын-тебен алғанша, басқа бағыттарда бақтарын сынағанды жөн көреді.
«Бір клипке үш беттік сценарий жазса, оған 10 мың АҚШ долларына дейін алады. Сондықтан осы мәселе әлі де шешімін таппай жүр. Әрине, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында, Астанадағы қазақ ұлттық өнер университетінде драматургтерді дайындайтын мамандықтар бар. Бұл оқу орындарында мүйізі қарағайдай драматургтер сабақ береді. Бірақ, сол драматургтердің сахнаға пьеса әкеліп, қойып жатқандары саусақпен санарлық. Әрине, жас таланттардың, жас драматургтердің, жас режиссерлердің келгенін қалаймыз»,-деді ол.
Бұл ретте Т. Теменов жас таланттар негізінен телевизия саласына қызметке баратынын, осы салада бүгінде көптеген жақсы драматургтер жүргенін атап өтті.