12:45, 11 Шілде 2016 | GMT +5
Т. Төлешев билікті басып алу үшін 90 қарулы әскер дайындаған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекетте төңкеріс жасауға әрекеттенген бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешев 90 қарулы әскерді жан-жақты дайындықтан өткізген. Бұл туралы бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Қарасев мәлім етті.
Руслан Қарасевтің айтуынша, Төлешев өзімен сыбайлас трансұлттық қылмыстық топтардың қатысуымен Шымкент аумағында бірнеше рет жиын өткізген. Оларға жиын өткізіп берген Т. Төлешев Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық топтары арасында бедел жинап, криминалды мәселелерді «реттегені» үшін ақша алып отырған.
«Тергеу анықтағандай, қылмыстық амбициясын жүзеге асырып, беделін арттыра түсу үшін Т. Төлешев өз кәсіпорындарының күзет қызметі базасында өзінің ұйымдасқан қылмыстық тобын құрып, қарумен жарақтандырған. Т. Төлешевтің иелігінде сақадай-сай 90 әскері бар болған»,-деді Р.Қарасев.
Оның айтуынша, Т. Төлешев өзінің бұл әрекеттеріне сырттай заңды көрініс беру үшін алдымен «СМЕРШ», кейіннен «Вымпел групп» атты күзет фирмасын тіркеген.