Т. Төлешевтің билікті күшпен басып алуға қалай дайындалғаны егжей-тегжейлі айтылды
Бұған дейін хабарлағанымыздай, билікті басып алу жоспарын орындау үшін Т. Төлешев алдымен елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әрекеттенген. Бұл үшін Т. Төлешов 2005 және 2010 жылы Қырғыз Республикасында болған жағдайды өте мұқият зерттеген. Тіпті, Қырғызстанға өзі барып, керекті материалдар мен дерек-дәйектер іздеген. Билікке халық арасында жаппай тәртіпсіздік орнатып, халықты наразылыққа азғыру арқылы келуге болатынын түсінген ол бұл арам пиғылын Қазақстанның батысында тез жүзеге асыруға болады деген болжамға келген.
«Билікті күшпен басып алу әрекеті өткен жылды басталғанын айта кету керек. Төлешевтің жанында жүрген адамдардың тергеуге айтып бергеніндей, 2015 Т. Төлешев бір сенімді адамына Атырау қаласының тұрғындарына жер мәселесіне қатысты құжаттар мен ірі көлемде ақша беруді тапсырған. Атырау қаласының тұрғындары сәуір айында наразылық акциясына шықты. Ақша алған адамдар сәуір айында Атырауда және мамыр айында Алматыда заңсыз митингтер ұйымдастырған. Төлешевтің көмекшілерінің бірі тергеуге 50 мың АҚШ долларын өз еркімен тапсырды. Бұл ақша осындай акция ұйымдастыру үшін қажетті жоспарланбаған шығынды төлеуге арналған болып шықты»,-дейді Р. Қарасев.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратына сүйенсек, уақытша қамау оқшаулағышына түскеннен кейін Т. Төлешев онымен хабарласа алатын адамдар арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпынған. Т. Төлешев әрқайсысына 120 доллардан беріп, кемінде бес мың адамды көтеріңдер деген бұйрық береді. Артынша Сарыағаш қаласының орталығында қарулы қақтығыс ұйымдастыруды жоспарлайды.
«Осы жоспарынан қалдырмай, Т. Төлешев Қазақстанның қазіргі заңнамасына өзгеріс енгізу жөнінде бағдарламалық құжаттар әзірлеумен айналысқан. Ол бағдарламалық құжаттар Төлешевтің көмекшісі тасыған компьютерінен және оның жеке кабинетінен табылды. Төлешев өзінің жекеменшік баламалы үкіметіне тартамын деген жекелеген адамдармен арадағы телефон әңгімелерін құжатқа түсіру де аяқталды»,-деп хабарлады Р. Қарасев.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің айтуынша, қылмыс әлеміндегі халықаралық топтардың алдында бұл ойға әбден бекінгенін көрсету үшін Т. Төлешев 2015 жылдың тамызында әкесінің туған күнін жамылып, Оңтүстік Қазақстан облысында ауқымды әскери-спорттық шаралар өткізген. Осы сәттер түсірілген болжамды бейне желіде жүр. «Әкесінің туған күніне» арналған шараға Т. Төлешев штаттағы әскерилерді, ауыр әскери техника мен ҚР Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» аймақтық басқаруының әскери бөліміндегі үш әскери ұшақты жұмылдыра алған.
«Т.Төлешевтің арнайы шақыруымен осы шараға шетелдік жекменшік әскери компаниялар келіп, оққағарлық қабілеттерін паш еткен»,-деп хабарлады Р. Қарасев.