«Табаған» кешенінде спортшыларға барлық жағдай жасалған - ҚХР Фристайл ойындары федерациясының Бас хатшысы

АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ақ Азиадада біздің спортшылар медаль алу үшін барын салды, алайда қытайлықтар өздерінің мықтырақ екендіктерін байқатты. Бұл жайында бүгін ҚР-ның Фристайл және сноуборд федерациясының вице-президенті Елена Круглыхина арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтты.

 «Табаған»  кешенінде спортшыларға барлық жағдай жасалған -   ҚХР Фристайл ойындары федерациясының Бас хатшысы

Сондай-ақ ол келешекте де қытайлық әріптестерімен жақсы байланыс орнатып, олардың спортшыларын осы спорт түрінен елде өтетін жарыстарға қатысуына бар мүмкіндікті жасайтындықтарын айтты. «Қытайлық спортшылардың да «Табаған» спорттық-сауықтыру кешеніне келіп жаттығу жасауына мүмкіндік жасап, көрші ел ретінде спортшылар арасында достық кездесулер өткізе отырып, тәжірибе бөлісеміз деп ойлаймын», -дейді вице-президент.

«Біздің спортшыларға осы жерде өнер көрсету мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымыз. Әсем табиғат аясында орналасқан бұл спорт кешенінде спортшыларға барлық жағдай жасалған. Бүгін қазақстандық спортшылар да өздерінің мықты екендіктерін көрсетіп, жоғары орыннан көрінді. Алдағы уақытта да қазақ елінің спортшылары тек жоғары дәрежелі өнер көрсетеді деп ойлаймын», -деп атап өтті өз сөзінде ҚХР Фристайл ойындары федерациясының Бас хатшысы Иан Сиаужуан (Yan Xianojuan).

Бүгін фристайлдан акробатика бойынша ерлер арасында чемпион атанған қытайлық Зонгианг Жиа қазақ елінде алтын алқа тағынғанына өте қуанышты екендігін айтады. «Бүгін өте сәтті өнер көрсеттім деп ойлаймын, алайда бүгінгі секірістен де күрделі жаттығуды жасау қолымнан келеді», -дейді чемпион.