Табаре Васкес Уругвай президенті болып сайланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Уругвай президенті болып «Кең майдан» солшыл коалиция өкілі Табаре Васкес сайланды. Бұл туралы оңтүстікамерикандық республиканың Сайлау соты (сайлау комиссиясы) жариялаған ресми нәтижелер қуаттайды, деп хабарлады ТАСС.
Бюллетеньдердің 49 пайызы өңделгеннен кейін 2005-2010 жылдарда ел басқарған 74 жастағы онколог-дәрігер сайлаушылардың 52 пайыз дауысын жинады. Оның қарсыласы - оңшыл Ұлттық партиядан ұсынылған бұрынғы мемлекет басшысының ұлы 41 жастағы Луис Лакалье Поу электораттың 42,9 пайыз қолдауына ие болды.
Уругвайдың бұрынғы парезиденті - Васкес бес жылғы үзілістен кейін билікке оралды. Нақ осы Васкес 2004 жылы 1830 жылдан бері билікті бермей келе жатқан дәстүрлі оңшыл саяси күштер - «Колорадо» партиясы мен Ұлттық партияны ығыстырып, тарихи жеңіске жеткен еді. 2010 жылы өзінің өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін Васкес мемлекет басшысы тізгінін солшыл коалициядағы Хосе Мухикеге берген болатын, ол конституцияға сәйкес екінші мерзімге қатарынан сайлана алмайды.
Өзінің жақтастары алдында сөйлеген сөзінде Васкес «кімге дауыс бергеніне қарамастан, барлық уругвайлықтардың президенті болуға» уәде берді.
Өз кезегінде оңшыл Ұлттық партиядан Уругвай президенттігіне үміткер Лакалье Поу өзінің жеңілгенін мойындап, қарсыласын жеңісімен құттықтады.