Табиғат апатына қатысты дүрбелең тудыратындарға заң жүзінде шара қолданылады

Ақорда
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты.

«Ерте ме, кеш пе, кез келген мемлекет түрлі сынаққа тап болуы мүмкін. Сондай кезде ел өмірінде күрделі әрі түбегейлі бетбұрыс жасалады. Біз де осындай жаңғыру жолымен жүріп келеміз. Сын-қатерлерге төтеп беріп, қиын сәтте ұжымдасып, шұғыл жұмыс істеуді үйреніп жатырмыз. Шын мәнінде, мұның бәрі – баға жетпес тәжірибе. Бұған дейін тоқсаныншы жылдардың тауқыметін жиі айтатын едік. Сол кездегі қиындықтарды қазір көпшілік еске ала бермейді. Еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңеміз. Шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығамыз», - деді Президент. 

Мемлекет басшысының атап өтуінше, ауқымды су тасқыны болып жатқан қазіргідей сәттерде халқымыздың ұжымдасып, жұмыла білу қабілеті шыңдала түседі. Азаматтардың ынтымағы мен өзара тілеулестігі айқын көрінеді. Мемлекеттік аппарат дағдарысқа қарсы күресте зор тәжірибе жинақтайды.

«Бұқаралық ақпарат құралдары және өздерін блогер санайтын кейбір азаматтар табиғат апатына қатысты дүрбелең тудырып байбалам салу, билікті орынсыз айыптау қоғамды ортақ іске ұйыстыруға бөгет болатынын, мемлекеттік органдар ахуалды уысынан шығарып алды деген жалған ұғым қалыптастыратынын түсінуге тиіс. Мұндай әрекет әлеуметтік күйзеліс тудырады. Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан билік осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдарға заң жүзінде шара қолданады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің пайымынша, барлық деңгейдегі билік өкілдері жұртшылықпен, әсіресе, беделді әрі жауапкершілігі жоғары белсенді азаматтармен тығыз байланыста болуы керек. Халықтың пікіріне құлақ асуы, ең бастысы, жедел және дұрыс шешім қабылдауға тиіс.

«Қазір мемлекет қордаланып қалған көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға мәжбүр. Азаматтардың басым көпшілігі мұны түсінеді. Бір жағынан, Үкіметтің көптеген саланы жанталаса реттеуіне тура келіп отыр. Екінші жағынан, еліміздің тұрақты дамуына мықты негіз қалыптастыруға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар