Табиғат аясында бірге демалған 12 елордалық жауапқа тартылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда тұрғындары карантин режимін бұзып, табиғат аясына шығып, балық аулаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төтенше жағдай режимі кезеңінде жергілікті полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыларды анықтауда. 13 сәуір күні болған рейдтік шара кезінде полиция қызметкерлері Көктал-1 ауылындағы өзен жағасында уақыт өткізіп, карантин режимін бұзған 12 адамды ұстаған», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
Аудандық полиция басқармасына жеткізілгендердің үшеуі бір отбасы мүшелері. Олар табиғат аясында демалыс ұйымдастырған.
«Өзен бойында ұсталған 12 адамның тоғызы - балықшылар. Олар тәртіпті бұзып, өзен жағасына барып, балық аулаған. Оларға 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды» - делінген хабарламада.