Табиғат байлығын қорғаушылар мен құқық қорғау органдарының өкілдері ортақ істі талапқа сай жүзеге асыра алмауда - Бас прокуратура
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжіліс барысында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің экологиялық құқықбұзушылық әрекеттерінің жолын кесуде табиғат қорғау органдарымен бірлесіп қызмет ету мәселелері қаралды. Сонымен қатар, мәжіліске қатысушылар Орал-Каспий бассейніндегі браконьерлік әрекеттермен күрес тиімділігі мен контрабанда, есірткі саудасы, Қазақстанның Қырғыстан және Өзбекстан мемлекеттерімен шекаралас аймақтарындағы заңсыз көші-қон мәселелері сөз болды.
Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Қуандықовтың айтуынша, елімізде қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты мәселелер уақыт өткен сайын өзектіленіп барады. Ал құқық қорғау органдарының қоршаған ортаны қорғау саласында құзырлы органдармен бірлескен қимылдарына жүргізілген сараптау жұмыстары бұл бағыттағы шаралардың талапқа сай емес екендігін көрсетті. «Атап айтқанда, олар ортақ мақсатты жүзеге асыруда қоян-қолтық араласып, жұмыс істей алмай отыр. Яғни, өзара байланыс өте әлсіз», деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, осындай себептердің салдарынан мемлекеттік органдар тарапынан қаншама шаралар қолданылып жатса да, заңсыз кесілген ағаштар мен өрт оқиғаларының салдарынан мемлекеттік орман алқабы күннен күнге тарылып барады. Сондай-ақ аңдарды заңсыз аулау мен заңнан тыс саудаға шығару да табиғи байлықтарымыздың талан-таражға түсуіне негіз болып отыр. «Осындай заңсыз әрекеттердің бірі Павлодар облысында орын алды. Онда соңғы бірнеше жылда ондаған гектарды қамтитын өте сирек кездесетін реликтілі ағаштар қылмыскерлердің олжасына айналды.
Ал Шығыс Қазақстан облысындағы «Семей орманы» қорығында заңсыз ағаш кесу мен өрт оқиғаларының салдарынан соңғы 5 жылда 6 мың гектар жерді қамтитын орман алқабы жойылып кетті», деді Н.Сүйіндіков.
Оның сөзіне қарағанда, құқық орғау қызметкерлерінің табиғатты қорғау саласының өкілдерімен тығыз байланысты жұмыс істей алмауының басты себебі - экологиялық құқықбұзушылықтармен күреске бағытталған стратегиялық жоспар жоқ. Сондай-ақ жекелеген заң нормалары жетілдірілмеген. Ал мемлекеттік органдар қажетті кадрлармен және құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген.