Табиғат қорғау заңнамаларын тексеру кезінде 355 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 64-і - ТМД азаматтары
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - «Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдарының 2010 жылы және 2011 жылдың 9 айындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзу туралы қылмыстық істерді тергеуге дейінгі тексеру және
тергеу жүргізу заңдылығының жай-күйін қорытындылады»,-деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2010 жылы - 343, ал 2011 жылдың 9 айында 189 экологиялық қылмыс тіркелген. Талдау еліміздегі қоршаған ортаға антропогендік әсердің өршігенін көрсетті, ал браконьерліктің салдарынан көптеген аңшылық объектісіне жататын жануарлар мен балықтың бағалы түрлері азаюда. Жалпы құқық қорғау органдары экологиялық қылмыстардың профилактикасы, кінәлі адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы және материалдық залалдың дер кезінде өндірілуі бойынша шаралар қабылдауда. Тексеру кезеңінде 355 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, олардың 64-і - ТМД азаматтары.
Дегенмен, жекелеген қылмыстық істер тергеу сапасын жақсартуды қажет етеді. Мысалы, жануарлардың ұшасымен немесе олардың өнімдерімен ұсталған кейбір браконьерлер қылмыстық жауапкершіліктен құтылу мақсатында оны белгісіз адамдардан сатып алдық немесе даладан тауып алдық деп көрсетеді. Алайда, ішкі істер органдары аталған айғақтарды тексермейді және оған тиісінше баға бермейді. Бірқатар ашылмаған қылмыстар жөнінде тоқтатылған қылмыстық істерді зерделеу қорытындысы бойынша прокурорлар тергеуді қайта жаңғырту және нақты тергеу амалдарын жүргізу туралы нұсқаулар берді.
Қорытындылау нәтижесі бойынша Бас прокуратура Ішкі істер министрлігіне аумақтық ішкі істер органдары қызметін экологиялық қауіпті химиялық, радиоактивтік және биологиялық заттарды пайдаланумен, сулар мен теңіздің ластануы, жұтаңдануы, сондай-ақ жерді бүлдіру және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режімін бұзуға байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесуге бағыттау мәселесін көтере отырып ұсыныс енгізді.