Табиғатта демалғыңыз келсе: ШҚО-да қыста қайда баруға болады

Шығыс Қазақстан – табиғат тамашасын бойына сіңірген өлке. Аспанмен астасқан таулардың бөктеріндегі демалыс базаларына барып, шаңғымен сырғанап, ит тұмсығы өтпейтін ну орман арасындағы үйшіктерде аялдап, саф ауамен тыныстау бойға қуат, жанға рахат сыйлайды. Осы ретте Kazinform тілшісі өңірдегі демалыс базалары жайлы ақпарат жинастырып көрді. 

ШҚО
Фото: @altay_alps парақшасынан

«Нұртау» демалыс базасы

Нұртау Өскеменнен 35 шақырым, Глубокое ауданы Бобровка ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан. Кезінде «Бипэк Авто» компаниясының басшысы Анатолий Балушкиннің иелігінде болған. Оған қатысты сот ісі басталғалы демалыс базасының жұмысы тоқтап қалған-тұғын. Алайда халықтың сұранысымен ШҚО әкімдігі құзырлы органдармен келіссөз жүргізіп, 2023 жылы база қайта ашылды. 

демалыс орны
Фото: @nurtau.vko парақшасынан

Қала тұрғындарының дені осы жерге келіп демалады. Әсіресе жастар қарасы көп. Онда төмендегідей қызметтер ұсынылған:

- ілмекті көтергішпен жабдықталған екі тау шаңғысы трассасы;

- стьюбпен сырғанауға арналған жеке трасса;

- шаңғы теуіп үйренетін жеке жолақ;

- тау шаңғысы жарақтарын жалға алу және жөндеу;

- шаңғы тебуге үйрететін мектеп (балалар мен ересектерге, жекелей және топпен барып, арнайы маманнан дәріс алу);

- «Терем Ок» аталатын тәрбиешісі бар балабақша. Бір сағаты – 3 500 теңге. Түрлі ойындар ойнауға мүмкіндік беретін шығармашылық үйірмелер де бар;

Базадағы қонақүйдің келушілерге әрдайым есігі ашық. Мұнда моншаға түсіп, массаж алуға болады. Жүзуді жақсы көретіндер үшін бассейн жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ коттедждерді жалға ала аласыз. Бағасы бір күнге 230 мың теңге мен 500 мың теңгеге аралығында екенін айта кетейік. 

«Синегорье» демалыс базасы

Риддер қаласының маңындағы Громотуха өзенінің жағасында орналасқан. Айналасын қарағайлы орман қоршап тұр.

ШҚО
Фото: klimovka.kz сайтынан

Демалыс орны тынығушылар үшін:

- коньки тебу;

- шаңғымен жүгіру;

- стьюбпен таудан сырғанау;

- спорттық жабдықтарды жалға алу қызметтерін ұсынады.

Бір айта кетерлігі, аталмыш демалыс базасында желтоқсан айының 14-29 күндері аралығында Аяз ата резиденциясы жұмыс істеп тұрады. Ақ сақалды Аяз атаға ата-аналар балаларын ертіп әкеле алады.

«Алтай альпісі» таушаңғы кешені

Өскеменнен 24 шақырым жерде, таулы Үлбі шатқалында орын тепкен. Мұнда шаңғышылар мен сноубордшылар тек Қазақстаннан емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Бағасы салыстырмалы түрде басқалардан арзан. Қонақүйдегі екі адамдық люкс бөлме ақысы жұмыс күндері – 65 мың теңге, демалыс күндері – 78 мың теңге. Бұл бағаға таңғы және түсті ас кіреді. Ал жартылай люкс 34-40 мың теңге аралығында.

ШҚО
Фото: @altay_alps парақшасынан

Кешенде төрт арқанды жолақ бар. Жолақпен көтеріліп, таудан шаңғымен сырғанап түсесіз. Тау-шаңғысы жабдықтарын жалға алуға болады. Онда шаңғы, сноуборд және стюб ала аласыз. 

Тау-шаңғы және сноуборд мектебі жұмыс істейді. Жекелей және топпен сабақ өтуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, салт атпен серуендеуге болады. 15 минуты – 2000 теңге, бір сағаты – 5000 теңге. Балық аулауға қызығатындар да осында құлшына келеді. Қармақты жалға алу – 1000 теңге, ауланған балықтың бір келісі – 4 500 теңге.

«Зиновьевка» демалыс орны

Өскеменнен 85 шақырым жерде тұр. Демалыс орны қалың орманның қақ ортасында орналасқандықтан келушілер табиғатты алаңсыз тамашалап, сергек серуен құрып қайтады. Одан бөлек, мұнда шаңғымен таудан төмен қарай сырғанауға болады. Квадрацикл және қарда жүретін көлікпен қыдыра аласыз. Ат жегілген шанаға 4 адам отырып серуендеу үшін де барлық жағдай жасалған. Стьюбпен сырғанап, мұз айдынында коньки тебуге болады. 

«Климовка» демалыс базасы

Риддерден 30 шақырым жерде орналасқан. Бұл – отбасылық демалыс орны.

демалыс базасы
Фото: klimovka.kz сайтынан

Алтай тауының бөктеріндегі базада 11 үй бар. Оның ішінде пешпен жылытылатын 7 және фин технологиясы бойынша жасалған 4 ағаш үйдің есігі келушілер үшін әрдайым ашық. Олар бір уақытта 40 демалушыны қабылдай алады. Осыншама адамға арналған асхана жұмыс істейді. 4 моншаның екеуінде бассейн бар. Демалыс орнында мынадай қызмет түрлері көрсетіледі:

- стьюбпен сырғанау;

- салт атпен, есекпен серуендеу;

- орманды аралау,

- шаңғы тебу;

- зообақ. 

Соңғы жаңалықтар