Табиғи монополияларды реттеу агентігінің қызметкерлері табиғи монополия субъектісінің мүддесін қорғайтын ұйым құрған
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың ақпан айында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қызметін тексеру барысында оның бір департаментінің басшысының қоғамдық ұйым құрғаны мәлім болды.
Ондағы мақсат - табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін қорғау. Бұл оқиғаның мән-жайымен бүгін
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен оның аймақтағы құрылымдарында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне арналған мәжілісте аталмыш ведомствоның жауапты хатшысы Руслан Ахметов таныстырды.
Оның деректеріне қарағанда, аталмыш ұйымға мүше болған монополиялар субъектілерінің мүдделері ылғи қорғалатын болған.
Осы себепті Жауапты хатшы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі қызметкерлерінің жемқорлық әрекеттеріне байланысты жинақталған материалдарды құзырлы органдарға жолдау қажеттігін айтты. «Жалпы агенттікте жемқорлық әрекеттерінің орын алуына ықпал етіп отырған мәселелердің бірі, агенттіктің кейбір органдарының материалдық-техникалық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілмеуімен байланысты. Бұл проблема, әсіресе еліміздің аймақтарында өзекті. Біз агенттіктің аймақтағы өкілдері отыратын ғимараттың жоқтығын Қаржы министрлігіне де жергілікті атқарушы орган басшыларына да бірнеше мәрте айттық»,-деді Жауапты хатшы.
Оның деректерінше, бүгінгі таңда тек бірнеше облыста ғана агентік өкілдіктерінің қызметке қажетті ғимараттары бар. «Өткен жылы осындай қиындықтардың салдарынан агенттіктің аймақтағы өкілдерінің табиғи монополия субъектілерінің ғимараттарын пайдалану жағдайлары анықталды. Кей жағдайда монополиямен күрес комитетінің өкілдері табиғи монополия субьектілерінің көліктерін пайдалану жағдайлары да анықталды. Сондықтан мұндай заңсыздықтарымен қатаң күрес жүргізе отырып, аймақтағы өкілдіктердің материалдық-техникалық қажеттіліктерін өтеуге күш салу керек»,-деді РАхметов.