12:28, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде Елбасы Жолдауы талқыланды
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Дүйсенбі күні ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауын іске асыру және насихаттау, оның ішінде тұтынушылар үшін ең жоғары тариф бойынша ақы алынатын электр энергиясын тұтынудың мөлшері бойынша сараланған тарифті енгізу жөнінде алқа мәжілісі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста жеке тұлғалардың тұтыну көлемдеріне қарай электр энергиясына сараланған тарифті енгізу, электр энергиясын үнемді пайдалану және осыған сәйкес тұтынушылардың қаржылық қорын үнемдеу үшін ынталандыру, тұтынушыларды әлеуметтік қорғау, инфляциялық үдерістерде электр энергиясына бағаның көтерілуін болдырмау сияқты мәселелер талқыланды.Сонымен қатар, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің биылғы жылға арналған операциялық жоспарының орындалуы қаралып, соған сәйкес Департамент «Қалалық электр желілері» АҚ-ның 2009-2011 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасын бекітті.Аталмыш мәжілісте сондай-ақ Департаменттің лицензиялау және лицензиялық бақылау бойынша бизнеске тежеу жасайтын әкімшілік кедергілерді азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстары талқыланды.Басқосуда Елбасы Жолдауын насихаттау мен түсіндіру, іске асыру шаралары баяндалды, 2009 жылдың басынан бері Департаментте мемлекеттік органдардың, табиғи монополия субъектілерінің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен Жолдауды насихаттау мен түсіндіру, коммуналдық қызметтегі есеп құралдарын орнату және энергияны үнемдеу бойынша 10 іс-шара өткендігі жайлы айтылды.