Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы А. Конопляныйға қатысты қылмыстық іс сотқа тапсырылды

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы А. Конопляныйға қатысты қылмыстық іс сотқа тапсырылды.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы А. Конопляныйға қатысты қылмыстық іс сотқа тапсырылды

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы А.Конопляныйға, «Компания-Бақыт» ЖШС-нің президенті Ибраев пен оның орынбасары Ормановқа қатысты қылмыстық іс сотқа тапсырылды», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, Ибраев пен Ормановқа мемлекет меншігіндегі жерді жанар-жағар май стансыларын салу жолымен басып алды, заңдастыру туралы жалған шешімдерді және заңдастырылған жанар-жағар май стансыларын қабылдау туралы жалған актілерді жасады, қылмыстық жолмен алынған мүлікті кәсіпкерлік қызметте пайдаланды және кәсіпкерлік қызметті лицензия шарттарын бұзумен жүзеге асырып, 1,3 млрд. теңге заңсыз табыс алды деген айып тағылған. Ал А.Конопляный болса билікті және лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалану жолымен «Астана Бақыт» ЖШС-не жанар-жағар май материалдарын сақтау және сату бойынша кәсіпкерлік қызметті лицензия шарттарын бұзумен жүзеге асыруға көмектескен.

«А.Конопляныйдың қылмыстық іс-әрекеті нәтижесінде ЖШС лицензияның қосымшасын заңсыз алған. Экологиялық талаптарды бұзған. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, 12 жанар-жағар май стансысын пайдаланған және 1,3 млрд. теңге заңсыз табыс алған» - деді М.Жұманбай.