Табылған жәдігерлер қоймада жатыр: СҚО-да Алтын Орда дәуірі неге зерттелмей келді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Донецкое ауылының тұрғындары 2019 жылы әйел адамның жерлеу орнын тауып, ішінен бірқатар құнды жәдігер, соның ішінде екі балықтың бейнесімен безендірілген ерекше айна шықты.
Ғалымдар бұл олжаның Алтын Орда дәуірінің бір белгісі екенін анықтағанымен, көпшіліктің қызығушылығын тудырған қорым да, табылған жәдігерлер де әрі қарай зерттелмей қалып қойды.
Тарих ғылымдарының кандидаты, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің еңбек сіңірген профессоры Анатолий Плешаковтың айтуынша, өңірде Алтын Орда дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштер мен жәдігерлер аз емес. Олардың арасында қорымдар, қоныстар, культтік нысандар бар. Кейбірінде алтын әшекейлер табылған, енді біріне балалар жерленген.
Алайда зерттеулер барысында негізгі назар алғашқы қауымдық дәуірлерге жататын археологиялық ескерткіштерге аударылды. Ал ортағасырлық нысандар көп жағдайда тек тіркеліп, есепке алумен шектелді немесе басқа дәуірлердің ескерткіштерін зерттеу барысында ғана қазба жұмыстарына тартылды. Соның салдарынан ортағасырлық ескерткіштерден алынған археологиялық материалдардың басым бөлігі әлі күнге дейін ғылыми еңбектерде жарияланбай, ғылыми айналымға енгізілмеген күйде қор қоймаларында сақтаулы тұр.
Солтүстіктің ортағасырлық тарихы неге аз зерттелді?
Ғалымның айтуынша, Алтын Орда дәуірінің ескерткіштері ұзақ жылдар бойы негізінен Қазақстанның батысында, Сырдария бойы мен Орталық Қазақстанда зерттелді.
Зерттеуші бұған тарихи-саяси факторлар әсер еткенін айтады. Атап айтқанда, кеңестік кезеңде Қазақстан даласының ортағасырлық тарихын зерттеуге қатысты шектеулер болған.
— Негізгі себептердің бірі — 1944 жылы Кеңес Одағының Қазақстанның далалық бөлігінің ортағасырлық тарихын зерттеуге тыйым салу туралы арнайы қаулы қабылдауы. Бұған Қазақстанның ортағасырлық тарихына қатысты ұлттық және саяси мәселелердің сол кездегі кеңестік саяси ұстанымдарға сәйкес келмеуі себеп болған. Бүгінде Қазақ мемлекетінің пайда болуына қатысты тарихи ақтаңдақтардың бетін ашатын уақыт келді, — дейді профессор.
Мыңдаған жәдігер қор қоймаларында жатыр
Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедицияларының жұмысы нәтижесінде өңірден әр кезеңге жататын көптеген ескерткіш анықталған.
Алайда ғалымның айтуынша, ортағасырлық ескерткіштерден алынған материалдардың едәуір бөлігі әлі жарияланбаған және ғылыми айналымға енгізілмеген. Олар музейлер мен ғылыми мекемелердің қорларында сақтаулы.
Өңірдің ортағасырлық тарихына қатысты қызықты олжалардың бірін Тайынша ауданындағы Донецкое ауылы тұрғындары тапқан. Жерлеу орнынан әйелге тиесілі болуы мүмкін заттар — олардың арасында екі балық бейнеленген ерекше айна, ағаш тарақ, темір қайшы және басқалары болған.
— Диаметрі шамамен 8 сантиметр, қалыңдығы 2 мм болатын дөңгелек айнаның сыртқы беті күрделі өрнекпен безендірілген. Оның ортасында екі балықтың бейнесі орналасқан. Балықтардың көзі, қабыршағы мен құйрығына дейін өте мұқият бейнеленген. Күмістен жасалуы мүмкін. Балық бейнеленген мұндай айналар ортағасырлық жазба деректері арқылы белгілі. Қостанай музейінде ортағасырлық жәдігерлер топтамасы сақтаулы. Олардың арасында осы айнаға ұқсас, бетінде екі балықтың бейнесі бар айна да бар. Әоіптестерім Қостанай маңындағы Тобыл өңірінен табылған ортағасырлық айналарға арнайы зерттеу арнаған. Еңбекте әртүрлі айналар, соның ішінде бетінде балық бейнелері бар айналар туралы да мәліметтер келтірілген, — дейді ғалым.
Қорымнан табылған тағы бір жәдігер — ағаш тарақтың екі сынығы. Археологтың айтуынша, сынықтардың бірінің ені 1,9 см. Онда тарақтың 16 тісі сақталған. Екінші бөлшектің ені шамамен 2 см және өлшемдері алғашқы сыныққа сәйкес келеді. Тарақтың екі бөлігі зертханалық жағдайда қайта біріктіріліп жапсырылды.
— Жерлеуден табылған темір бұйымдардың қатарында қатты тотыққан темір қайшының бөліктері де бар. Қайшының ортасындағы негізгі бөлігі және саусақ салатын шығыршықтары сақталған. Өлшемдері шағын, яғни қазіргі «маникюр қайшысына» ұқсайды. Сонымен қатар темірден жасалған дөңгелек пішінді бұйымның сынығы табылған. Бұл бұйымның нақты қызметі әзірге анық емес, тостаған болуы мүмкін. Зат қатты тотыққан, — дейді Анатолий Плешаков.
Новокаменкадан Баганатыға дейін
Бұған дейін де СҚО-ның бірнеше ауданында ортағасырлық ескерткіштер табылған. Ғалымның айтуынша, соның бірі — Қызылжар ауданындағы Новоникольское қорымы. Мұнда бірнеше дәуірге жататын бірнеше жерлеу орны, соның ішінде ерте ортағасырлық кезеңге жататын қорған да бар.
Ал осы аудандағы Новокаменка ауылы маңында б. з. XV–XVII ғасырларына жататын қорым табылды. Мұнда археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп, ортағасырлық кезеңге жататын 24 жерлеу орны зерттелді. Оның 10-ы балалардың қабірі болған. Бір жерлеуден ағаш қораптағы шыны айна шыққан.
Сондай-ақ, Қызылжар ауданындағы Карьерное, Лебяжье елді мекендерінің маңынан да орта ғасырға жататын қорымдар табылған.
Шал ақын ауданындағы Бағанаты-2 қорымынан қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне және ортағасырлық кезеңге жататын барлығы 42 нысан анықталған.
— Мұндағы № 3 қорған ерте ортағасырлық кезеңге жатады. Жерлеу орнынан ағаш жабындының қалдықтары, құрбандыққа шалынған жануардың сүйектері, түрлі-түсті шыны моншақтар, қайың қабығынан жасалған бұйым және мата қалдықтары табылған. Сондай-ақ жерленген адамның жанында қарасора тұқымының қалдығы мен қола диск жатты. № 5 қорғаннан да ортағасырлық жерлеу орны анықталды. Қабірдегі адам солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталып жерленген және ағаш тақтайлардан жасалған жәшіктің ішіне орналастырылған. Жерлеуден шыны мен пастадан жасалған моншақ және құрбандыққа шалынған жануардың сүйектері табылды, — дейді Анатолий Плешаков.
Профессордың пікірінше, өңірдегі ортағасырлық ескерткіштерді жүйелі түрде зерттеу Еуразия даласындағы тарихи үдерістерді, халықтардың қозғалысын, тұрмысын және мәдени байланыстарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттелмеген ескерткіштерді қалай сақтаймыз?
Профессордың айтуынша, 1960 жылы «Қазақстанның археологиялық картасы» атты археологиялық ескерткіштер тізімі жарық көрді. Бұл еңбекте Қазақстанның көне мұрасын зерттеу тарихына шолу жасалып, зерттеушілердің еңбектері мен зерттелген археологиялық нысандар тізімге енді.
— Тізімге нақты орналасқан жері көрсетілген 4911 археологиялық нысан және орналасқан жері нақты анықталмаған 395 ескерткіш енгізілген. Бұл еңбек 1960 жылға дейін Қазақстан аумағында зерттелген барлық дәуірлердің археологиялық ескерткіштерін қамтыған алғашқы толыққанды басылымдардың бірі болды. Алайда тың жерлерді игерудің археологиялық мұраға кері әсері болды. Тың игеруге қатысқан алғашқы адамдардың естеліктеріне қарағанда, Қазақстан даласында көне ескерткіштер өте көп кездескен. Мәселен тас мүсіндерді тұрғын үйлер салу кезінде іргетасын толтыру үшін пайдаланған. Бүгінде археология ғылымына Қазақстанның ежелгі тарихының әртүрлі кезеңдеріне жататын ондаған мың археологиялық ескерткіш белгілі. Соған қарамастан, Солтүстік өңірдің ортағасырлық тарихы ұзақ уақыт бойы археология ғылымындағы ақтаңдақтардың бірі болып қалды, — дейді Анатолий Плешаков.
Ғалым көтеріп отырған тағы бір мәселе — археологиялық мұраны қорғау. Оның айтуынша, облыс аумағындағы зерттеуді қажет ететін ортағасырлық нысандардың кейбіріне шаруашылық жұмыстарынан, жердің игерілуінен және табиғи үдерістерден зақым келуі мүмкін. Сондықтан ескерткіштерді тек анықтап-зерттеп қана қоймай, оларды сақтап, музейлендірудің де маңызы зор.
Бұған дейін СҚО-да соңғы үш жылда 700-ге жуық жаңа археологиялық ескерткіш анықталғанын жазған едік.