Табыс туралы декларация тапсыруға 15 қыркүйекке дейін уақыт беріледі

Декларация
Фото: Kazinform

ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қазақстандықтарға табыс туралы декларацияны тапсырмағаны үшін және салықтан жалтарғаны үшін қандай жауапкершілік көзделгенін айтып берді, деп хабарлайды Kazinform. 

«Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 51 750 теңге (15 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Декларацияда толық емес немесе анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге (3 АЕК) көлемінде айыппұл көзделген», - деді Ержан Біржанов Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде өткен отырыста.

Сондай-ақ жыл ішінде бірінші рет салық объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде айыппұл, қайталап бұзғаны үшін 300% айыппұл салынады. 

Декларацияны тұрғылықты жері бойынша 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Оны «Салық төлеушінің кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Банк Центркредит мобильді қосымшалары арқылы жүргізуге болады. 

Айта кетейік, 2021 жылы 1 қаңтардан Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілген еді. Бұл жылы мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары шамамен 580 мың жеке тұлға декларация тапсырған еді. Биыл екінші кезеңде – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары, шамамен 2,1 млн адам қамтылды. Ал үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Бұл шамамен 3,9 млн адамды қамтиды. 

Соңғы жаңалықтар