Табысы қайырымдылыққа жұмсалады: Қарағандыда ерекше шаштараз ашылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат –«Харекет» республикалық қоры Қарағандыда ерлерге арналған сұлулық салонын ашты. Салонның барлық табысы қайырымдылыққа кетеді. Түскен қаражатқа аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Табысы қайырымдылыққа жұмсалады: Қарағандыда ерекше шаштараз ашылды

«Харекет» қоры Қарағанды филиалының директоры Ақтоты Жүнісованың айтуынша, барбершоп демеушілік көмектің арқасында ашылған.

«Демеуші өз есімін атағысы келмейді. Ол Оңтүстік-Шығыс шағынауданында үй-жай алып, қажетті жабдықты сатып алды. Алты шебер жұмыс істейтін болады. Әзірге бір барбер жұмыс істеп жатыр», – деді Ақтоты Жүнісова.

Салонда тек ер адамдарға – ересектерге және балаларға қызмет көрсетіледі. Әрбір шаш қию ақысы қайырымдылық ретінде қарастырылады. Жиналған қаражатқа тұрғын үйге мұқтаж адамдарға: көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, жалғызбасты аналарға, жетім балаларға баспана сатып алынады.

Қор жуырда кең пәтердің кілтін Теміртау қаласының тұрғыны Ақерке Берекбаеваға табыс етті. Бірінші топтағы мүгедек әйел үш бала тәрбиелеп отыр.

«Харекет» қайырымдылық қоры 2017 жылы құрылған. Бүгінгі таңда ұйым бүкіл Қазақстан бойынша отбасылар үшін 503 пәтер сатып алды, оның ішінде 87-і қарағандылықтар. Қор туралы қосымша ақпаратты Instagram әлеуметтік желісінен білуге болады: @xareket_qory_official.