Таеквондо: Айдана Сүндетбай Әлем чемпионатының жүлдегері болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 7 тамыз күні Өзбекстан астанасы Ташкентте таеквондодан кадеттер арасындағы әлем біріншілігі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен хабарлағандай, алғашқы жарыс күні Қазақстан қоржынына бір қола медаль түсті. Оны 33 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан жеткіншегіміз Айдана Сүндетбай жеңіп алды. Ол жартылай финалда қарсыласына жол беріп қойды.
Сонымен қатар, сынға түскен спортшылар қатарында 65 келіден жоғары салмақта Ислам Тұрсын мен 51 келідегі Аймира Ғалымрашидова үшінші айналымда жарыс жолынан шығып қалса, Сабина Тайырова мен Алмас Игілік бірінші кезеңде сүрінді.
Айта кетейік, 10 тамыз күні мәресіне жететін Әлем чемпионатында Қазақстан сапынан әлі 15 спортшы жүлдеге таласады. Жарысқа 60 мемлекеттен 550 таеквондошы қатысып жатыр.