Таеквондо шебері, мерген, полиция майоры – бір өзіне бәрі де жарасады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Спортта ғана емес, полиция қызметінде де алдыңғы қатарда жүрген Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметкері, полиция майоры Дариға Мәжитова Халықаралық әйелдер күніне орай ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді.

Таеквондо шебері, мерген, полиция майоры – бір өзіне бәрі де жарасады

-Дариға, полиция қызметкері атануыңа не себеп болды?

- Бала кезімнен офицер болуды армандадым десем, артық айтқандық емес. Теректі ауданы Приречный ауылында туып-өстім. Сәрсенов ауылындағы мектеп табалдырығын аттап, кейін қалаға көштік. Оралдағы №12 орта мектептің түлегімін.

- Жастайыңнан таеквондомен айналысып, спорт шебері болған екенсің, қандай биіктерді бағындырдым деп ойлайсың?

- Иә, қалаға көшкеннен кейін бірнеше үйірмеге жазылдым. Таеквондо, волейболмен айналыстым, музыкаға ден қойдым. Аталған жекпе-жек түрі өте ұнады. Екі айдан кейін облыстық жарысқа қатыса бастадым. Көп ұзамай жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде үздік үштікке іліктім. 15 жасымда ересектер арасында сынға түсіп, Қазақстан чемпионы атағына қол жеткіздім. 2005 жылы екінші рет жеңіс тұғырына көтеріліп, спорт шебері болдым. Сол жылы аттестациялаудан өтіп, І дан қара белдік иегері атандым. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынағым келген. Дегенмен 2006 жылы мектеп бітіріп, Б.Бисенов атындағы Қарағанды заң институтының жедел іздестіру қызметі факультетіне түскеннен кейін сапалы білім алуға басымдық бердім. Спортты да ұмытқан жоқпын. Жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, он жыл бойы криминалдық полицияда (қылмыстық іздестіру) жедел уәкіл қызметін атқардым. Негізі бұл – таза ер адамдардың ісі. Психологиялық төзімділікпен қатар спортшы болуым жедел міндеттерді орындауда септігін тигізді.

Қарағандыдан Орал қаласына ауысқаннан кейін есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасында, ювеналды полицияда тер төктім. Қазір облыстық департаментте баспасөз қызметкерімін.

-Қызметтестерің сені құралайды көзге атқан мерген деп айтады. Бұған не қосар едің?

- Институтта оқып жүргенде, атыс дайындығынан да өттім. Әуелі жай қызығушылық болса, кейін өз шеберліктерімді жетілдіріп, түрлі жаттығуларды орындадым. Бұл дағдының кейін қызметте пайдасы тиді. Нысана көздеуден екінші спорттық разрядым бар, бірнеше рет күштік құрылымдар қызметкерлері арасында облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атандым. 2012 жылы Президенттік көпсайыстан елдегі сала қызметкерлері арасында үздік үштікке іліктім.

Бір қосарым, полиция қатарында өз кәсібінің білгірлері ғана емес, сонымен бірге атақты спортшылар, музыканттар, өзге де дарын иелері аз емес. Мен соның біреуі ғанамын.

-Алдағы мақсат-жоспарларың қандай?

- Жалпы, арнайы жасаққа ауысқым келеді. Бірақ қазіргі жұмысым өте ұнайды. Біле білгенге баспасөз қызметі де оңай емес. Түрлі ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, полиция қызметкерлерінің беделін көтерумен айналысудамыз. Ал қаңтар оқиғасы кезінде ерлермен қатар тұрып, бір апта бойы үй көрмеуге тура келді.

- Сөзің аузыңда, Дариға, қос қарлығашыңды тәрбиелеуге уақыт толық жете ме?

- Қазір, шүкір, қыздарым өсіп қалды, өзіме көмекші. Оларды Отанды сүюге, адал да әділ болуға, қайырымдылыққа тәрбиелеймін. Ең бастысы, өмірден өз орындарын тауып, адам болса деймін. Өз жүрген жерімде спортты насихаттап, салауатты өмір салтын ұстанамын.

Қазақ еліне жаңарып-гүлденуді, бейбіт аспан, тыныштық тілеймін.

- Әңгімеңе рахмет. Алдағы уақытта да табыстарға қол жеткізе беруіңе тілектеспін.