Таэквондодан жастар әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы анықталды
АСТАНА.KAZINFORM — Таэквондодан 21 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы белгілі болды.
Дүниежүзілік дүбірлі дода 3-6 желтоқсан аралығында Кения астанасы Найроби қаласында өтеді. Онда ел намысын 16 спортшы қорғайды.
Ерлер құрамасы сапында Еркебұлан Енсегенов (54 келі), Жавоҳирхон Исламов (58 келі), Тамерлан Тілеулес (63 келі), Арслан Ерментаев (68 келі), Ергеш Бекасыл (74 келі), Батырхан Қусетов (80 келі), Батырхан Төлеуғали (87 келі), Бейбарыс Қаблан (87 келі) сынға түседі.
Ал әйелдерде Ақбота Желеу (46 келі), Нұрайым Жұмабек (49 келі), Айдана Сүндетбай (53 келі), Мария Севостьянова (57 келі), Аяулым Асқар (62 келі), Аружан Найманбаева (67 келі), Назым Махмұтова (73 келі), Алтыншаш Ыдырыс (83 келі) сынды спортшыларға үміт артамыз.
Еске салсақ, Қазақстанда 2027 жылы таэквондодан әлем чемпионаты өтеді. Аталған шешім Қытайцың Уси қаласында өткен Дүниежүзілік таэквондо (WT) федерациясының әлем чемпионаты аясындағы жиынында ресми хабарланды.
Осыған дейін Қазақстан 2027 жылғы чемпионатты өткізуге үміткер елдердің қатарына қосылған еді. Жиын барысында Дүниежүзілік таэквондо федерациясы мен оған мүше елдердің өкілдері Қазақстан кандидатурасын бірауыздан қолдау білдірді.