Таеквондошы Нұрсұлтан Мамаев Универсиаданың төртінші медалін Қазақстан қоржынына салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық таеквондошы Нұрсұлтан Мамаев Кванжу қаласында (Корея Республикасы) өтіп жатқан жазғы Универсиадада 58 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

Таеквондошы Нұрсұлтан Мамаев Универсиаданың төртінші медалін Қазақстан қоржынына салды

Бұл туралы Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Жерлесіміз алдымен Комораның спортшысын жеңіп, одан соң өзбекстандық Темірбек Уроловтан басым түсті. Ширек финалда Нұрсұлтан австралиялық Адриан Абелды 17:5 есебімен ұтып, ал жартылай финалда ирандық Джавад Амирисорхиді 17:16 есебімен сүріндірді.

Ақтық кездесуде қазақстандық бразилиялық мектебінің өкілі Ребеллу Брагансамен күш сынасты. Кездесу 2:0 есебімен қазақстандықтың пайдасына шешілді. Осылайша, таеквондодан Қазақстан құрамасының үздігі Нұрсұлтан Мамаев еліміздің қоржынына 2015 жылғы Универсиаданың төртінші "алтынын" салды.