Тағамды қалдықтардан жасайтын мейрамхана ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Британдық Лидс қаласында қалдықтардан тағам әзірлейтін he Real Junkfood Project мейрамханасы ашылды.

Тағамды қалдықтардан жасайтын мейрамхана ашылды

Жақын маңдағы супермаркеттер, мейрамханалар мен дәмханалар оның асханасына өздері пайдалана алмайтын өнімдерді жеткізетін көрінеді. Ал Адам Смит есімді азаматтың басшылығымен жас аспазшылар мен еріктілер бұл азық-түлік өнімдерін құнарлы әрі дәмді тағамдарға айналдыруға шебер екен.

Мейрамхананың ас мәзірі қолжетімді өнімдерге байланысты күнделікті өзгеріп отырғанымен, онда ет пен көкөністерден дайындалған ыстық тағамдар, тұздықтар және тамақтан кейін берілетін жеміс немесе тәтті тағамдар тұрақты түрде әзірленеді. Кейбір кездерде мейрамханаға уылдырық, трюфель саңырауқұлағы, қымбат ірімшіктер мен қызыл балық та жеткізіледі.

Бұл мейрамханада нақты белгіленген баға жоқ, яғни оған тамақтануға келген адамдар өздерінің ниетіне қарай ақысын төлейді. Ал қалтасында мүлдем ақшасы болмағандар түстік астарына есептесу үшін жүк тасушы немесе асханада көмекші жұмысшы қызметтерін атқаруы тиіс, деп жазады шетелдік БАҚ.