Тағамнан улану деректері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда биыл топтық тағамнан улану деректері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Оның алтауы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, екі іс сотқа жолданды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты.
Оның сөзінше, биыл білім беру және тәрбиелеу ұйымдарында топтық тағамнан улану жағдайы тіркелмеген.
Соған қарамастан, тіркелген әрбір улану дерегі бойынша эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізілді. Нәтижесінде санитариялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, кейбір нысандарда рұқсат құжаттары болмаған, міндетті медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жіберілген. Сонымен қатар тағам дайындау технологиясы мен азық-түлікті сақтау тәртібі орындалмаған.
– Барлық 8 жағдай бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Соның негізінде 8 қылмыстық іс қозғалды. Оның алтауы бойынша тергеп-тексеру жалғасып жатыр, екі іс сотқа берілді. Кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды, – деді Сархат Бейсенова.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда биыл тіркелген жіті ішек инфекциясы жағдайларының 71 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне тиесілі екені туралы жазған едік.