«Тағдырларды біріктірген Қазақстан» атты кітап саяси қуғын‑сүргін құрбандарының азалы бейнесіне арналады - Е. Тоғжан
Қазақстан халқы Ассамблеясының, Саяси қуғын‑сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешенінің бастамасымен, сондай‑ақ ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен жарық осы еңбек әрбіріміздің жүрегімізді жаралап келген саяси қуғын‑сүргін құрбандарының азалы бейнесіне арналады». «Тарихтан тағылым‑өткенге тағзым» атты халықаралық форумдағы туынды таныстырылымы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжан осылай деді.
«Сол жылдары сталиндік қанды террордың қаралы жалыны шарпымаған ешкім қалмаған еді. Зұлмат қасіреті Кеңес Одағының құрамындағы барлық елдерді, барша ұлт пен ұлысты, әртүрлі жастағы азаматтардың бәрін де қамтыған болатын. Қызыл империяның қаны тамған заманда елімізде 20-дан астам лагерь жұмыс істеп, оларда 800 мыңнан астам асыл азаматтар азап шекті. Ал Ассамблеяның қолдауымен жарық көрген бұл кітап әрбіріміздің жүрегімізді жаралап келген саяси қуғын‑сүргін құрбандарының азалы бейнесіне арналады. Бұл кітап - Отаным деп, арысым деп, намысым деп ошақ отын сөндірмей қалған аналарға қойылған ескерткіш. Бұл ‑ кейінгі ұрпаққа сабақ үшін, болашаққа бағдар үшін қойылған таңғы шықтай таза, тамшы судай мөлдір белгі», деді Е. Тоғжан.