Тағы бір боксшымыз Президент кубогының жартылай финалына шықты
АСТАНА. ҚазАҚпарат - Астанада бокстан өтіп жатқан халықаралық Президент кубогы турнирінде тағы бір отандасымыз жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін жас талантымыз 69 келі салмақтағы Садриддин Ахмедов шаршы алаңда филиппиндік Бахо Жоэльды жарыс жолынан тайдырды. Ахмедов қарсыласын бірінші раундта бір рет нокдаунға түсіріп алды. Осыдан кейін өзін шаршы алаң қожайыны ретінде еркін ұстап, айқын басымдылыққа ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Василий Левит (91 келі) және Әбілхан Аманқұл (75 келі) Президент кубогы турнирінің жартылай финалына шыққан еді. Сондай-ақ, қыздар арасында Назым Қызайбай мен Жайна Шекербекова (51 кел) турнирдің жартылай финалына өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Президент кубогы турнирінің өтіп жатқанына үшінші күн. Турнир 13 салмақ бойынша (10 ерлер, 3 қыздар) өтуде. Жарысқа қазақ спортшыларынан бөлек, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Тәжікстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Украина, Ресей, Моңғолия және Қырғызстан елдерінің боксшылары қатысып жатыр. Финалдық айқастар 10 маусымда өтеді.